Сенбі, 29 Қараша 2025 14:57

Түркістан облысы: «Үлгілі ауыл» байқауының комиссия отырысы өтті

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Үлгілі ауыл» жобасы биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жоба облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымының жақсаруына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті.

– «Үлгілі ауыл» байқауы – ауылдардың дамуына нақты серпін беретін маңызды жоба. Байқауға қатысу – ауыл әкімдері үшін үлкен мүмкіндік. Себебі үздік деп танылған ауылға бір әлеуметтік нысан салынады. Сондықтан әрбір ауыл әкімдігі белсенді болып, тұрғындарды жұмылдыру арқылы өз ауылын дамытуға мүдделі болуы тиіс, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – сәуір мен тамыз аралығында аудан көлемінде ұйымдастырылса, ал екінші кезең – облыстық деңгейде қыркүйек пен қараша аралығында жалғасын тапты. Биыл 16 аудан, қаладан 85 ауыл қатысты. Нәтижесінде байқаудың облыстық кезеңіне 16 ауыл (әр аудан, қаладан - 1) жолдама алып, тиісті материалдарды облыстық комиссияға ұсынды. Биыл да арнайы қоғам қайраткерлері мен белсенділерінен құрылған жұмысшы топ барлық елді мекенді аралап, жеңімпаз ауылды анықтайтын болады.

Айта кетейік, былтыр Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алып, үздік деп танылған болатын. Нәтижесінде 2,83 га жер телімі бөлініп, бүгінде ауылда заманауи спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан желтоқсан айында толық аяқталып, халық иігілігіне беріледі деп күтілуде. Биыл да байқау ережесіне сәйкес, байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысымен 4 жүлделі орын белгіленіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында елдің дамуына қатысты біраз мәселені қамтып, маңызды бағыттарды тағы бір нақтылап өткен еді. Оның ішінде ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударды. Мәселен, Президент ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін айтты. Президенттен пәрмен түскеннен кейін бұған қатысты салалар қандай дәрмен қылып жатыр деген сұрақтың туындауы заңды.

Жалпы, ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған.

Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қо­лай­лы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объек­тілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интер­нет­ке және спутник­тік байланысқа қол­же­тімділікті қам­та­масыз ету, ауылдың ішіндегі жолдар­дың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұра­жай­лар мен кинотеатрлар, спорт ғима­рат­та­рын салу, халыққа қыз­мет көрсету орта­лық­тарын ашу. Ал онда­ғы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникация­лар­ды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұ­мыс­тары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 55 рет