Сенбі, 29 Қараша 2025 09:35

Түркістан облысы: Жетісай ауданында елді мекендерді газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту жұмысы өте қарқынды. Солардың бірі Жетісай ауданындағы Ж.Ералиев ауылдық округінің 2055 адам тұратын С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.

2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жалпы сметалық құны 414 млн. 443 мың теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарын «РемСтрой» ЖШС өндірістік кестеге сай жүргізген. Енді ұзындығы 21,7 шақырымды құрайтын газ құбырынан 269 үй көгілдір отын пайдаланатын болады. Елді мекен тұрғындарының қуанышын бөлісуге Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков пен жауапты сала басшылары қатысты.

– Біз жыл басынан бері округ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеміз.Нақтырақ айтар болсақ, Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен ауыз су құбырын тартып, Жүзтерек көшесін орта жөндеуден өткіздік. Ал, Үтіртөбе елді мекенінен ауыз су ұңғымасы қазылып, СЭС сынамасының оң қорытындысы алынды. Қазірде аталған ұңғыманы елді мекеннің ауыз су желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде, – деген аудан әкімі Сейфуллин елді мекені соңғы аптада көгілдір отынға қосылған үшінші нысан екенін айтты. Одан бөлек, округке қарасты Арай ауылында ойын алаңшасы мен саябақты ретке келтіру, Абай елді мекенінен Ырысты көшесіне аяқжол салу жұмыстары басталса, Жаңа дәуір елді мекенінен футбол алаңшасы салынған.

Биыл Түркістан облысындағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 80 жобаны іске асыруға қажетті қаржы қаралған болатын. Оның ішінде, осы жылы 37 елді мекендегі 46 жобаның құрылысы аяқталса, қалған 34 жоба келесі жылға өтпелі. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров елді мекендерді газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі бақылап отырады. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындау туралы тапсырмалар жүктеп келеді. – Аудан, қала әкімдіктері тарапынан газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу, абоненттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырыңыздар. Абоненттерді толық табиғи газға қосылу жұмыстарын келесі күзгі-қысқы жылыту маусымына дейін толық аяқтаңыздар. Газ нысандарының құрылысын мерзімінде аяқтап, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырамын, – деген болатын Нұралхан Оралбайұлы.

Өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы осы жылы аяқталу қажет 46 нысанның 27 нысаны пайдалануға тапсырылды. Ал, 19 нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Жыл қорытындысымен 37 елді мекен немесе 73 мың халық табиғи газбен қамтылады. Нәтижесінде, 1,9 млн. тұрғыны бар 600 елді мекен «көгілдір отынға» қосылмақ.

Одан бөлек, 45 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілді. Сондай-ақ, облыста 50 мыңға жуық тұрғыны бар 39 елді мекенді газбен қамту бойынша 46 жоба әзірленуде. Жалпы облыстағы елді мекендерді 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Облыс аумағында елді мекендерді газбен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып, қатаң бақылауда болады.

Түркістан облысында соңғы жылдары энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде табиғи газға қолжетімділік – тұрғындардың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Облыс бойынша әлі күнге дейін қатты отынға тәуелді елді мекендер бар. Бұл тұрғындарға қаржылай да, тұрмыстық тұрғыдан да ауыртпалық түсіреді. Қыста көмір мен ағаштың бағасы өсіп, оларды жеткізу де қиындық туғызады. Ал табиғи газдың енгізілуі осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Әрі бұл қадам экологиялық тұрғыдан да маңызды, себебі қатты отынның жануы ауаның ластануын күшейтеді. Сондықтан облыс әкімдігі газдандыруды стратегиялық бағыт ретінде қабылдап отыр.

Газдандырудың ең басты нәтижесі – тұрғындардың өмір сапасының артуы. Бұған дейін қыста көмір сатып алып, оны тасымалдауға қыруар қаражат жұмсайтын халық енді анағұрлым үнемді әрі қолайлы отынға қол жеткізеді. Газды қолдану тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, уақыт үнемдеуге де ықпал етеді. Сонымен қатар экологиялық жағдай жақсарады, себебі көмірдің түтіні ауаға таралмайды. Бұл әсіресе халық тығыз орналасқан Түркістан қаласы мен жақын ауылдар үшін маңызды. Ал экономикалық тұрғыдан қарасақ, газдың енгізілуі кәсіпкерлік саласына да жаңа серпін береді. Шағын және орта бизнес өкілдері өндірістік нысандарын газға қосып, шығындарын азайтады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 207 рет