Жұма, 28 Қараша 2025 21:05

Түркістан облысы: Ордабасының 3 бірдей ауылында таза ауыз су жүйесі іске қосылды

Ордабасы ауданы Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарында көптен күткен таза ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Сәуір айында басталған жобаның жалпы құны 222,962 миллион теңгені құрайды. Жобаны «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында аудан басшысы сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Ауыл ақсақалдары елді мекенге таза ауыз су тарту ісіне ұйытқы болған аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Айта кетейік, бұл ауыз су құрылысы – мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған аудандағы екі әлеуметтік жобаның бірі.

Осы тұста айта кетсек, Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округінде, Береке ауылында тұрғындардың өтініші бойынша жаңа су ұңғымасы қазылып, қазіргі таңда жер асты су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, Шұбарсу ауылына негізгі газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткішін арттыруға арналған маңызды шара болып отыр. Аудан басшысы таяуда жобалардың барысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын, техникалық процессті көріп, қажетті нұсқаулар берді.

Аталған ауыл округтеріне қарасты ауылдардағы көптеген мәселелер оң шешімін тауып, ілкімді істер қолға алынған. Тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылған. Мектеп салу мектептерді ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететін газ саласы оңтайлы шешімін табуда. Дегенмен, ауыл тұрғындарын алаңдатар мәселелер де жоқ емес.

Аудан әкімінің айтуынша, ең әуелі ауылға республикалық бюджеттен қаралған қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, ондағы ауыз су, электр, автожол, табиғи газбен қамту бойынша көптеген жұмыстар істелінуде. Мәселен, былтыр Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізілген. Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.

Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.

Айта кетсек, Ордабасы ауданындағы халық саны күн санап артып келе жатқан Шұбарсу елді мекені Шымкент Самара тас жолы бойында Шымкент қаласынан 27 шақырым, көршілес Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылынан 55 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын жолдарда таң ертең және кешкі уақыттарда көлік кептелісі орын алады. Бұл мәселені шешудің жолы ретінде ауыл ішіндегі, бас көшелердің бірі саналатын Қазыбек би көшесінен Шұбарсу өзені үстіне көпір салынса Сайрам ауданына да Шымкент қаласына да айтарлықтай жақын қашықтықта баруға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылғанын айта кеткен жөн. Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 155 рет