Жұма, 28 Қараша 2025 19:56

Түркістан облысы: Шолаққорғанның даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттер талқыланды

Түркістан облысы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында округ әкімі Жеңісәлі Төлепбергенов тұрғындарға ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен таныстырды.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл қариялары қатысты. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде хабарлап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғын үй, әлеуметтік және жұмыс мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға заң аясында жауап берілді.

Жол және көше инфрақұрылымы бойынша: ауылдық округ бойынша жалпы ұзындығы 130,8 шақырым ішкі автомобиль жолдары бар. Биыл 15,7 шақырым жол жөнделіп, жыл соңына дейін Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін асфальттау жұмыстары толық аяқталады. Жыл ішінде С.Мұқанов, Ж.Қарғабаев, Е.Ембергенов, П.Маханов, Жібек жолы-2, М.Әуезов, Қазыбек би, Қ.Сәтбаев, Төле би, Кіші Балдысу, Т.Жайшыбеков, А.Аманжолов, Ш.Оқшиев, Түркістан, Өркениет, Бірлік, Ақниет және басқа да көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл ішіне жол белгілері мен 32 жол кедергісі орнатылды.

Көшелерді жарықтандыру бойынша: ауылдың 37 негізгі көшесі мен 17 қуыс көшесіне жарық шамдары орнатылып, барлығы 37 шақырымға жарықтандыру желілері тартылды. Олардың қатарында Қ.Сәтбаев, Әйтеке би, Ж.Жабаев, Ш.Оқшиев, Әл-Фараби, А.Аманжолов, Жібек жолы, Абай, Ә.Әшірбеков, П.Маханов және басқа да көшелер бар. Қазіргі таңда С.Сиязбеков, Ж.Ерімбетов көшелері мен Абай елді мекеніне кіре берістегі жарықтандыру жұмыстары жалғасуда.

Көркейту және абаттандыру бойынша: Шолаққорған ауылында соңғы уақытта көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл орталығындағы мектептер мен балабақшалар маңына мультимедиялық аркалар, көшелерге цифрлық бағдаршамдар және жаяу жүргіншілер өткелдеріне аркалар орнатылды. Жібек жолы мен Абылайхан көшелерінде орналасқан «Жастар» орталығының қасына LED экран орнатылды. М.Мәметова көшесіндегі көпқабатты үйлердің алдына арнайы қоқыс тастайтын орындар жасалды.

Ауылдың 10 көшесіне ұзындығы 12,4 шақырым аяқжолдар төселді. Қ.Сәтбаев көшесіне ағын су латогы орнатылды. Ауылдық округ әкімі аппараты, Халыққа қызмет көрсету орталығы және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Абай, Тәуелсіздік, Жастар және Орталық саябақтары жаңарып, Орталық саябаққа балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы салынды.

С.Қожанов көшесінде аллея құрылысы жүргізіліп жатыр. Балдысу және Абай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңдары жөндеуден өтті, ал Жеткіншек елді мекенінде жаңа ойын алаңы салынады. Қ.Рүстемов көшесінде айып автотұрағының құрылысы басталды. С.Қожанов көшесіне ұзындығы 1200 метр сәндік қоршаулар орнатылды. Демеушілердің қолдауымен Жеткіншек мөлтек ауданында және Қарабұлақ елді мекенінде балалар ойын алаңдары салынып, Ж.Ерімбетов көшесінде футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Инкай» БК ЖШС демеушілігімен округтегі 343 аз қамтылған отбасыға 686 тонна көмір тегін таратылатын болды.

Жыл соңына дейін Жібек жолы және Абай көшелерінің қиылысына аяқжол төсеу, бірқатар балалар ойын алаңдарын жөндеу (Т.Әлімқұлов мектебі маңы, А.Спатаев және Ш.Оқшиев көшелері), Жеткіншек мөлтек ауданында жаңа ойын алаңын салу, І.Кеңесбаев көшесінде арбат салу, Абылайхан көшесіне жаяу жүргіншілер өткелін орнату жұмыстары жүргізілмек.

Жиын соңында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауылдар мен елді мекендердегі оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.– «Шолаққорған – аудан орталығы ретінде өңірдің айнасы. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік нысандарды көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 141 рет