Бейсенбі, 27 Қараша 2025 19:18

Түркістан: Отырар ауданында қысқы төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары пысықталды

Түркістан облысы Отырар ауданында қыс мезгілінде орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында «Қыс – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен барлық жауапты бөлімдердің қысқы кезеңге дайындығын тексерді.

Аудан басшысы қыс маусымында табиғи жағдайлардың күрт өзгеруі тұрғындардың қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Ол сөз сөзінде: «Бұл оқу-жаттығу қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге, әлсіз тұстарды анықтауға және қысқы кезеңге жан-жақты дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді. Оқу-жаттығу барысында аудан аумағында болуы мүмкін ықтимал жағдайларға ден қою механизмі талқыланып, жауапты құрылымдардың іс-әрекеті тәжірибе жүзінде тексерілді. Шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жедел медициналық жәрдем, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газ-электр мекемелері және басқа да сала өкілдері қатысты. Оқу-жаттығуда барлық құрылымдардың дайындығы бағаланып, әрқайсының төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмі, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның дайындық деңгейі, қажетті техника мен құрал-жабдықтардың жарамдылығы сарапталды.

Сондай-ақ, «Отырар-2050» КММ Газ инспекциясының мамандары аудан аумағында улы газбен уланудың алдын алу мақсатында жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Атқарылып жатқан іс-шаралар барысында мамандар жеке тұрғын үйлерді, кәсіптік нысандарды, сауда орындарын, қоғамдық тамақтану пункттерін аралап, газ жабдықтарының техникалық жағдайын тексеруде. Сонымен қатар, тұрғындарға көмірқышқыл газының адам өміріне қауіптілігі, улы газдың пайда болу себептері мен оны болдырмау жолдары бойынша түсіндірме жұмыстары өткізіліп жатыр.

Мамандар әсіресе газ құралдарын уақтылы техникалық қызметтен өткізу, үй-жайларды тұрақты желдету, түтін мұржалары мен тарту жүйелерінің жарамдылығын бақылау, газдан улану белгілері байқалған жағдайда тез арада құтқару қызметіне хабарлау қажеттігін тұрғындарға ескертіп өтуде. Аталған профилактикалық шаралар аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Осы тұста айта кетсек, Отырар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен төтенше жағдайлар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық түсіндіру жиыны өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ. Шербаев және білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов мектептерде қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, аудандағы орын алып жатқан оқиғалар басшылықтың назарында екендігін жеткізді. Жиында Қ. Шербаев мектептерде өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ жылыту қазандықтарын тұрақты тексеріп отыруды, өрт шығу тетіктерін және электр сымдарының қауіпсіздігін бақылауды тапсырды.

Мектептерде қажетті техникалық құралдардың толық болуы қадағаланды. Сонымен қатар, оқушыларға өрт және төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде түсіндіру міндеттелді. Білім беру ұйымдарының басшылары профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізуге жауапты болды. Жиында төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдері қаралып, қызметкерлердің жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Қауіпсіздік шаралары мен бақылау жүйесі барлық мектептерде тиімді жүзеге асырылатыны айтылды. Жиын соңында қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 77 рет