Заңға сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артуға тыйым салынған. Алайда, кейбір көліктер 20-25 тоннаға дейін артық жүк артып, жолдарды зақымдауда. Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан облысында 7 жерде арнайы өлшеу бекеттерін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы Арыс – Темірлан, Арыс – Қабылсай бағытындағы жолдарға автоматтандырылған өлшеу бекеттері орнатылып, жұмысын бастады.
Бұл бекеттер жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтайды. Бүгінде орнатылған екі өлшеу бекеті арқылы ауыр жүк көліктерінің 1820 әкімшілік құқық бұзушылық жағдайы анықталды. Ауыр жүк көліктеріне салынған айыппұлдарға байланысты жүргізушілер тарапынан келіспеушіліктер туындауына байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жағдайды бақылауға алды. Тиісті мекемелермен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысында 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында 1 235,6 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырымы пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұл жайында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев қазан айында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеген болатын.
Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге, елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Биыл жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан қаржыландыруды қажет ететін 4 көпір және жалпы ұзындығы 132,6 шақырымдық 7 жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Одан бөлек, жаңадан 33,4 шақырым жолға жоба әзірленуде. Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға 7 жол аймағы белгіленген. 2024-2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс-Темірлан, Арыс-Қабылсай жолдарына орнатылды. Биыл Сайрам ауданында Қарамұрт-Ақсукент автомобиль жолының бойына 2 жерге аталған станцияны орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталған.
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуда.
Аталған саладағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде де талқыланғаны белгілі. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.– Жолдың сапасына мән беріледі. Бұл бойынша тиісті мекемелер тарапынан кемшіліктер анықталса, жауапты басшылар, аудан, қала әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін. Жұмысты жандандырыңыздар және әр жоба қатаң бақылауға алынсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Жыл қорытындысымен 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 млрд. теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат