Бейсенбі, 27 Қараша 2025 18:30

Түркістан облысы: Келес ауданындағы Ұшқын ауылы көгілдір отынға қосылды

Түркістан облысы Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніне табиғи газ берілді. Енді ауыл тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынды» пайдалана алады. Жалпы газ құбырының ұзындығы 9 шақырымнан асады. 184 үй газға қосылды.

Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен және Республика күнімен құттықтады. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.Келес ауданы қайта құрылғаннан бері 23 ауылға табиғи газ жеткен. Енді Ошақты, Бірлік және Ұшқын ауылдық округтеріндегі 12 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ газ және су жүйесі тартылған ауылдарда жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылады.

Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровгаздандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеп келеді. Апталық аппарат жиындарының бірінде өңір басшысы – Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деп, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берген болатын.

Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.

Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды. Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде. Жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар әрдайым ортаға салынып келеді. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қарастырылуда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 74 рет