– Алдымен, баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ұлық мереке қарсаңында Түркістанда тағы бір қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы Заң аясында Түркістанға қолдау күшейтіліп, шаһардың туристік әлеуеті артуда. Соның айқын көрінісі – жаңарған «Парасат» саябағы. Аталған саябақты қайта реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталып, бүгінде толық жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңарған саябақ қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсете берсін! – деген облыс басшысы халыққа қолайлы орта жасау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Нұралхан Оралбайұлы саябақтағы футбол алаңшасында жасөспірімдермен кездесіп, саябақ аумағын аралап көрді. «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстарын Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Өнім» ЖШС атқарды. Жалпы аумағы 14 гектарды қамтитын саябақта тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, заманауи жарықшамдар мен 100-ден астам орындық орнатылды. 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары, футбол, баскетбол және теннис алаңдары, веложолақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, сондай-ақ, жазғы сахна мен демалыс аймақтары қарастырылған. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айта келе: «Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс», – деген болатын.Президент атап өткендей, туристерге жайлы орта қалыптастыру – басты мақсаттың бірі. Бұл орайда, түрленген Түркістанның туризм саласындағы айтарлық жетістіктері бар.
Қонақтар мен тұрғындардың басты мақтаныштарын айтқанда ең алдымен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, одан соң, «Керуен сарай» кешені, үшінші кезекте «Жаңа қала» мөлтек ауданы ойға келеді. Бірақ, тұрғындардың пікірінше, шаһар туризмін дамытудағы басты жетістік – көгалдандыру жұмыстарының қарқыны күшейіп, саялы саябақтардың санының артуы. Иә, күллі түркінің түп қазығына баланған біздің қалада саябақтар мен скверлер саны ай санап артуда. Бұл келген қонақтардың ғана емес, жалпы тұрғындардың көз қуанышы, ауыз толтырып айтар мақтанышы. Бүгінгі таңда, түрленген Түркістанда 45 саябақ бар. Бұл жалпы аумағы 318 гектар жерді алып жатыр. Оларды күтіп ұстау үшін 2500 жұмысшы мен 450 техника жұмылдырылған.
Шаһар тарихында ойып тұрып орын алтын саябақтар көшін «Жеңіс» демалыс орны бастайды. Қарт қаланың кешегісі мен бүгінгісіне куә бұл саябақ 2019 жылы күрделі жөндеуден өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне аталған саялы орынның қазіргі келбеті көз қызықтырарлықтай. «Жеңіс» саябағындағы балаларға арналған ойын алаңшалары, атракциондар, заманауи скейт-парк пен футбол алаңы демалыс үшін таптырмас орын етіп тұр. Қаланың қақ ортасында орын тепкен демалыс орынында 3000 шаршы метрге гранит төсегіш төселіп, 2500 ағаш отырғызылған болатын. Саябақ аумағы толықтай түрлі-түсті жарықшамдармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, шахматтық дизайнда құрғақ фонтан бой көтеріп, тас жолдар төселген.
Шығыс пен батысты жалғаған Түркістан қаласындағы өзіндік ерекшелігімен есте қалатын тағы бір демалыс орны «Жібек жолы» саябағы. 2020 жылдың тамызында жаңарған Түркістанның жаңа саябағы жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз қылған. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:«Жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістанда жаңа инфрақұрылымдық нысандардың ашылып жатқаны қуантады. Қала тұрғындары мен туристерге арналған Сапар орталығы мен «Жібек жолы» саябағы да көпшіліктің көзайымына айналатынына сенімдімін»- деп жазған еді.
2021 жылы пайдалануға берілген саябақ шынында да келушілердің көзайымына айналды. Киелі қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түскен демалыс орнын Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары жаңарған Түркістанға тарту еткен. Мердігер компания «Bazis Construction» ЖШС жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайтын демалыс орнына өзіндік ерекше стиль қалыптастыра білген. Мәселен, «Түйелер керуені» композиция-сы бұл жерге ерекше шығыстық рең береді. Шөлді сүйетін жануар қала тарихында ерекше орын алады, сондықтан түйе бейнесі бар мүсіндер көшелерде жиі кездеседі. Алып аумақты алып жатқан бұл жерде 2 301 дана ағаш отырғызылып, 5 363 дана бұталар, 3,36 гектар жерге гүлдер отыр-ғызылған. Түркістанды жасыл желекке айнал-дырып, қаланың табиғатына, климатына әсер етуді көздеген әкімдік «Жібек жолы» саябағындағы ағаштар санын әлі де арттыруға ниетті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат