Бейсенбі, 27 Қараша 2025 15:54

Түркістан облысында отбасын қолдау орталықтары белсенді жұмыс істеуде

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ биылғы 9 айда 189 азаматқа (оның ішінде 102 әйел, 87 ер адам) әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетті.

Атап айтқанда, 92 азаматқа – әлеуметтік, 39 азаматқа – құқықтық, 58 азаматқа – психологиялық көмек берілді. Қажеттілігіне қарай тиісті қызметтер ұсынылды. Сонымен қатар орталықтың уақытша тұру ұйымына тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 1 отбасы, өмірлік қиын жағдайға тап болған 1 отбасы және 8 жасөспірім орналастырылып, оларға кешенді психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда 7 жасөспірім Сайрам ауданындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» КММ-не жіберілді. Ал 1 отбасының жағдайы түзеліп, отбасылық ахуалы тұрақтанды.

«Мектепке жол» акциясы аясында 10 отбасының балалары мектеп формалары және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтау және қолдау көрсету мақсатында ауданның 11 ауылдық округі зерделеніп, көмек қажет ететін 105 адам анықталды. Нәтижесінде 17 адамға – бір жолғы әлеуметтік көмек, 3 адамға – атаулы әлеуметтік көмек, 10 отбасына – демеушілер есебінен азық-түлік көмегі, 10 отбасының балаларына – мектеп формасы мен оқу құралдары, 4 адамға – оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша сауықтыру орнына жолдама беріліп, қызмет көрсетілді.

Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 17 жағдай тіркеліп, әрбір отбасымен психологиялық және құқықтық түзету жұмыстары жүргізілді. Орталық аудандық полиция бөлімі, аурухана және білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, 11 ауылдық округте «Зорлық-зомбылықсыз әлем», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Отбасы – бақыттың кілті», «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» және басқа да тақырыптарда 57 іс-шара өткізді.

Ауданның адам көп жиналатын орындарында 1611 ақпараттық үнпарақтар таратылып, 33 азаматтан сауалнама алынды. Сонымен бірге пробация қызметі есебіндегі 30 азаматпен (29 ер, 1 әйел) тұрақты психологиялық және құқықтық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Олардың 18-іне психологиялық қолдау көрсетіліп, 8 азаматқа 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде бір жолғы қаржылай көмек берілді. Жалпы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 14 фактісі анықталып, тиісті отбасылармен профилактикалық, психологиялық және заңгерлік жұмыстар атқарылды.

Отбасын қолдау орталықтары халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан аудандарда және қалалардағы аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады және немесе ұйымдастырылады. Орталықтардың міндеттері қандай деген сауалға кеңірек жауап бере кетсек. Олар:

мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру;

өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдаумен, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамтуы жөніндегі жұмысты үйлестіру;

өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу;

тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету;

мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы;

жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлермен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингілеу және талдау;

халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру;

тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асыру.

Орталықтар келесі функцияларды орындайды:

өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қаупі бар адамдарды (отбасыларды) анықтау бойынша жұмысты ұйымдастыру;

өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдардың (отбасылардың) жағдайын кешенді бағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ осы адамдарды (отбасыларды) сүйемелдеудің жеке жоспарын жасау және жүргізу;

мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша консультациялар беру, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыреті шегінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберу, т.б.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 41 рет