Дүйсенбі, 17 Қараша 2025 20:21

Ордабасы ауданы: аппараттық жиында негізгі міндеттер мен жоспарлар талқыланды

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Аппараттық мәжілісте бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі бағыттар бойынша салалық бөлімдер мен ауыл округтерінің есептері тыңдалып, алдағы міндеттер нақтыланды. Жиында алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралып, аудан басшысы барлық негізгі индикаторлар мен бюджет және кіріс жоспарының орындалуына ерекше назар аударды. Әрбір бөлім басшысына жоспарлы көрсеткіштерді уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, бұған дейін берілген ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша есептер тыңдалды. Жауапты бөлімдерге шешімін таппай тұрған мәселелерді жеделдетіп аяқтау тапсырылды.Күн тәртібіндегі келесі мәселе – электр жүйесінің қазіргі жағдайы. Бұл тұрғыда әр ауылдағы электр мәселелері жеке-жеке талқыланды. Аудан әкімі тұтынушыларға сапалы әрі үздіксіз электр қуатын жеткізу – жауапты мекеме мен сала басшыларының тікелей міндеті екенін атап өтіп, ағымдағы жұмыстарды тиімді жүргізіп, ақауларды жедел қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Келесі кезекте күзгі тал егу жұмыстары жан-жақты сараланды. Аудан әкімі әр түп ағаштың сапалы отырғызылуын, суарылуын және күтімі бақылауда болу керектігін атап өтіп, ауыл округтеріндегі нақты егу көрсеткіштері бойынша есеп алды. Қосымша ретінде күн тәртібінен түспейтін әскерге шақыру науқаны, қоғамдық ахуал, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін салалардағы тәртіп пен жауапкершілік деңгейі қаралды. Аудан басшысы барлық бөлім мен сала жетекшілерінен әр жұмысқа мұқият, жауапты қарауды талап етті.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер берілді.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың соңына дейін аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Транзиттік әлеуеті жоғары Ордабасы ауданының болашағы зор десек қателеспейміз. Оған барлық алғышарттар бар. Әсіресе кәсіпкерлік пен индустриалды аймақтарды дамытуға мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта Ордабасы ауданының инфрақұрылымы одан сайын жақсара түседі деген болжам бар. Ордабасы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жиырмадан аса елді мекенде бірнеше ондаған жоба іске асырылуда. 14 елді мекендегі 47,2 шақырым болатын 20 көшеге қаржы қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, ең өзекті мәселелер – газ, ауыз су, электр тарту және жол салуға басымдық берілмек.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Батыс Қытай – Батыс Европа» автодәлізінің Бадам-Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа жоспарланған бірегей кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ. Жоба кешені логистика жүйесінің қолайлылығымен ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполсике 20-25 минутта жеткізуге болса, тоңазтылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шет елдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы темір жол желісі де аудан іргесінде тұр.

Аудан әкімінің айтуынша, ең әуелі ауылға республикалық бюджеттен қаралған қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, ондағы ауыз су, электр, автожол, табиғи газбен қамту бойынша көптеген жұмыстар істелінуде. Мәселен, былтыр Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізілген. Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.

Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.

Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.

Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба орналасқан.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 153 рет