Жиын барысында аудан басшысы әр мердігер мекемеден өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыс көлемі, орындалу қарқыны және қалған учаскелердегі жоспарлы міндеттемелер жөнінде есеп алып, нақты мәліметтермен танысты. Сонымен қатар газ желісін әрбір абонентке қосу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жұмыс барысындағы мердігер мекемелер жолығып отырған мәселелер талқыланды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі газ желісі тартылған ауылдарда тұрғындардың толық қосылуы — басым міндет екенін атап өтті. Жауапты сала қызметкерлері мен мердігерлерге үйді-үйге табиғи газ қосу жұмыстарын жеделдету, тұрғындарға құжат рәсімдеу кезінде барынша қолдау көрсету және өзара бірлесіп, үйлесімді жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін Ордабасы ауданының барлық елді мекендері 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылады. Бұл туралы аудан әкімі Азат Оралбаев биыл жазда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеген болатын.Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі 36 ауыл газ жүйесіне қосылған. Қалған 21 елді мекенге газ жеткізу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
2025 жылдың алғашқы жартысында Ордабасы ауданына 9,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,6 млрд теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар: қаңтар-мамыр аралығында 14,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Егістік көлемі – 71,6 мың гектар.Су үнемдеу технологиясы 1 333 гектар алқапқа енгізілсе, оның 1 188 гектары тамшылатып, 145 гектары жаңбырлатып суаруға бейімделген. Ал жылыжайларда 12 мың тонна көкөніс өндіріледі. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 350 гектарда 125 жоба жүзеге асырылып отыр.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында 14 705 нысанда 21 407 адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылы өндірілетін өнім көлемі 208,6 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда.Инфрақұрылым бағытында да жұмыстар жалғасуда. 54 елді мекен таза ауызсумен қамтылған, қалған 3 ауылда құрылыс жүріп жатыр. Электрмен қамту көрсеткіші – 100 пайыз. Жыл соңына дейін 7 трансформатор жаңартылып, 230 шақырымнан астам 201 көше жарықтандырылады.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 ауылдағы 28 көшеге жөндеу жүргізілуде. Аудандық бюджет есебінен 6 көшеге орташа жөндеу, 3 көпірге ағымдағы жөндеу, 4 ауыл ішіндегі көшелерге тас төсеу жұмыстары атқарылуда. Баспана мәселесін шешу бағытында өткен жылы 136 пәтер берілсе, биыл Темірлан елді мекенінде 2 қабатты 14 үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 216 отбасы баспанамен қамтылмақ. Ордабасыда «Ордабасы» және «Бадам» индустриалды аймақтарында құны 30 млрд теңгеден асатын 10 жоба іске асырылып, 1200 адам жұмыспен қамтылған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат