Сейсенбі, 18 Қараша 2025 18:52

Ордабасы ауданы әкімінің халықпен кездесу жиындары басталды

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесу жиындары басталды. Бүгінгі алғашқы кездесу Шұбар және Шұбарсу ауыл округтерінде өтті.

Аудан басшысы жиында алдымен 2025 жылдың алғашқы 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 169,9 млрд теңгеге жетіп, 42,7% өсім көрсеткен. Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 17 млрд теңге болса, тартылған инвестиция 27 млрд теңгені құрады. Бюджет кірістері 104,1% орындалған. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 102,6 млрд теңгеге жетіп, мал басы тұрақты өсім көрсетті.

Инфрақұрылымдық жұмыстар ауқымды жүргізілуде: жолдар жөнделіп, ауызсу жүйелері жаңартылып, электр желілері күшейтілді, табиғи газбен қамту жұмыстары жүруде. Білім саласында жаңа мектептер мен модульді кабинеттер ашылып, денсаулық сақтау саласында ауруханаға жаңа заманауи жабдықтар орнатылды, ФАПтар жөнделіп, жаңа медициналық пункттердің құрылысы жоспарлануда. Кәсіпкерлік пен инвестиция саласында өндірістік парктер мен кооперативтер дамып, ауыл тұрғындарына несие арқылы қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік төлемдер мен көмектер тиісті азаматтарға беріліп, абаттандыру және қауіпсіздік шаралары жүйелі жүргізілуде.

Келесі ретте кездесу өтіп отырған Шұбар және Шұбарсу ауыл округтеріндегі жағлдайға тоқталды. Шұбар ауыл округінде өндірістік-инвестициялық әлеуетті арттыру бағытында нақты істер жүзеге асырылуда. Мұнда 70 гектар жерге өндірістік парк салынып, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның іске қосылуы бірнеше кәсіпорынды орналастырып, 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады деп күтілуде.

Шұбарсу ауыл округінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүргізілуде. Мұнда 3 гектар жерге өндіріс нысандары орналастырылуда, оның ішінде полистирол-бетон өнімдерін шығаратын «Kazakh New Technology» зауыты бар. Жоба іске қосылғанда 20 тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан экономикасына қосымша табыс әкеледі. Сонымен қатар ауылда орта және шағын жобалар жүзеге асырылуда. Ауылшаруашылық бағытта 15 гектарға жуық жылыжай кешендері құрылып, алғашқы өнімдер алынуда. Толық іске қосылғанда жылына 4–5 мың тонна көкөніс шығарылады.Ішкі көшелер жөнделіп, мектеп пен ФАП ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында тұрғындар жолдар мен көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы, санитарлық тазалық, ауызсу, әлеуметтік қызметтер және кәсіпкерлікті қолдау сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, жауапты қызметкерлерге мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысының алдағы жобаларына сәттілік тіледі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 7 наурызында «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойғаны белгілі. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін»делінген.

Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты екенін айта кеткен жөн. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді.

Кездесулер халықтың талабымен және күнтізбеден тыс қажет болған жағдайда өткізіліп келеді. Егер бұған дейін ондай кездесулер есеп беру үшін ғана ұйымдастырылса, енді бұл міндетті шарт болып бекітілген. Бұған қоса, тұрғындардың талабымен кездесу бірнеше мәрте өтуі де мүмкін. Бұл ретте азаматтардың белсенді ұстанымы да маңызды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат жариялап отырады. Халықпен сөйлесіп, олардың мәселелерін шешуде десек, қателеспейміз. Тетіктері белгіленген. Ең бастысы - орындалуы және бақылануы маңызды!

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 257 рет