Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараевтың айтуынша, қала дамуының тұрақты динамикасы сақталып отыр, 10 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 14,8 пайызды құрады.
Оң нәтижелер сауда саласында (+24,6%), өндірісте (+14,57%), құрылыста (+7%), инвестицияда (+4,7%) және тұрғын үйлерді пайдалануға беруде (+0,4%) байқалады. Жыл қорытындысы бойынша өндірісте, құрылыста, инвестицияда, сауда-саттықта және ауыл шаруашылығында көрсеткіштер өседі деп күтілуде. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қалыбековтың мәліметінше, қала аумағында амбулаториялық медициналық көмекті 59 мекеме көрсетеді: 14 мемлекеттік және 45 жекеменшік емхана.
Жергілікті медициналық ұйымдарда 1 276 000 тұрғын тіркелген, олардың ішінде 1 миллионнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде тіркеулі. Жыл басынан бері МӘМС филиалы медициналық ұйымдармен келісім жасады. Барлық ұйымға жыл басынан бері және қыркүйек айында қаржы толық аударылған, берешек жоқ.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева мекеме тарапынан тұрғындардың сақтандырылу статусына тұрақты мониторинг жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, емханаларда, мектептерде, әлеуметтік мекемелерде, базарлар мен кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ондағы басты мақсат – қала тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету.