Аудан орталығы үшін ең ауқымды жобалардың бірі – заманауи кәріз жүйесінің құрылысы. Жобаға сәйкес, бірнеше шақырымдық құбыр тартылып, арнайы сорғы станциялары орнатылады. Бұл жұмыс санитарлық талаптарды күшейтіп, ауылдың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тағы да бір маңызды саналатын жоба бассейн кешені мен теннис кортының құрылысы – алдағы уақытта тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Жобаның мердігері – «Бақ-Ерке Строй» ЖШС нысанның құрылысын 2026 жылдың қарашасында аяқтамақ. Сонымен қатар, Ынталы ауылына баратын бұрылыстағы жол бойы абаттандырылып, тұрғындардың демалыс орнына айналады. Аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, орындықтар, ойын және спорт бұйымдары, жарық шамдары орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Ауданға кіреберістегі абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Шымкент бағытынан кіреберістегі, Шәмші Қалдаяқов аллеясына қарама-қарсы аумақта да абаттандыру шаралары жүргізіліп, жасыл желек отырғызылып, көрікті аймаққа айналмақ. Сондай-ақ, Арыс өзенінің үстіндегі кіші көпір жаңартылуда. Көпірдің қоршаулары реттеліп, төбесі жабылып, келбеті жаңарып, жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалады. Аудан басшысы нысандарды аралау барысында жұмыс жүргізушілерге бірқатар сын-ескертуелер айтып, құрылыс қарқынын жеделдетіп, сапаны бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл жобалар – халықтың тұрмыс сапасын арттыратын басты факторлар. Нысандар жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, ауданның әлеуметтік даму қарқынын арттыра бермек.
Жалпы, Ордабасы ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілді (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Былтырғы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер берілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылды. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.
Сондай-ақ, Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
Мегаполиске жақын орналасқан әрі транзиттік әлеуеті жоғары Ордабасы ауданының болашағы зор екенін көптеген экономист мамандар айтып жүргені белгілі. Оған барлық алғышарттар бар. Әсіресе кәсіпкерлік пен индустриалды аймақтарды дамытуға мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта Ордабасы ауданының инфрақұрылымы одан сайын жақсара түседі деген болжам бар.
Ордабасы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жиырмадан аса елді мекенде бірнеше ондаған жоба іске асырылуда. Қызылжар, Көлтоған, Төреарық, Ықылас Темір және Дербес елді мекендерінде 5 фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралды Құрылысы 2023 жылы аяқталды. 14 елді мекендегі 47,2 шақырым болатын 20 көшеге қаржы қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілудеАл, ең өзекті мәселелер – газ, ауыз су, электр тарту және жол салуға басымдық берілмек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат