Оның айтуынша, аудан аумағында 17 шағын аудан және 1 елді мекен орналасқан. Жалпы 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй бар. Халық саны 266 806 адамға жеткен. Сондай-ақ 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан орналасқан. Аудан инфрақұрылымы толық қамтылған. Соның ішінде ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 33 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы абаттандырылды. Қосымша 5 аулада жұмыстар жалғасып жатыр. Келесі жылы 56 аула, ал 2027-2028 жылдары 52 аула абаттандырылмақ. Сондай-ақ, 6 спорт алаңшасына жөндеу жұмыстары жергілікті мекеме тарапынан, тағы 3 алаңшаға демеушілер есебінен жүргізілген. Жалпы аудан аумағында 113 спорт алаңшасы бар.
Жарықтандыру бағытында биыл 133 көшеге шам орнату көзделсе, соның 42-сінде жұмыс аяқталған. 112 көппәтерлі үйдің 63 ауласына жарықшамдар қойылып, қалған 49 ауладағы жұмыс жыл соңына дейін бітуге тиіс. Сонымен қатар, 21 көппәтерлі үйдің қасбеті жарықтандырылып, жалпы 33 млн теңге жұмсалған. Мәдени көріністі арттыру мақсатында 11 тұрғын үйдің қасбетіне муралдар салынып, бұл жұмыстарға 7,1 млн теңге бағытталыпты.
Көшелерді жөндеу де басты назарда. 390 көшенің 365-іне асфальт төселген. Биыл 25 көшеге жаңа асфальт төсеу жоспарланып, бүгінге дейін 18 көшенің жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту қарастырылған. Бүгінгі өзінде 23 көше жаңартылды, қалған 62 көшенің жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Аула ішіндегі 59 аула асфальтталса, соның 40-да жұмыстар толық жүргізілді.