Осы өзекті мәселелер бүгін “Shymkent Hub” орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» тақырыбындағы форумда талқыланды. Жиынға ІТ мамандар, стартап өкілдері және жастар қатысты. Шара барысында қатысушыларға заманауи қауіптен қорғану жолдары мен жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
– Қазір әрбір азамат банк картасын пайдаланады, интернет арқылы сауда жасайды, түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізеді. Осындай кезде қауіпсіздікті сақтамау үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Қазір тіпті чат GPT кеңістігіне жеке мәліметтерді жіберу немесе мекеме құжаттарын жіберіп, бір шешім табу белең алып барады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – тек ІТ мамандардың емес, бүкіл халықтың міндеті болуы тиіс, – дейді хабтың резиденті Самал Райымжан.
Форум барысында жас мамандар жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қатерлерге қарсы тұрудың жолдарын ұсынып, азаматтарды киберқауіпсіздікті күшейтуге шақырды.
Форумда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарапайым әрі қолжетімді әдістер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда: әртүрлі қызметтер үшін бірдей құпиясөзді пайдаланбау; құпиясөздерді жиі ауыстырып отыру; екі факторлы аутентификацияны қосу; күмәнді сілтемелерге өтпеу; бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қарау. Сонымен бірге мамандар мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының да ақпараттық жүйелерін қорғауды күшейту қажет екенін атап өтті. Өйткені кибершабуылдар тек жеке адамдарға ғана емес, бүтіндей қоғамға, мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Форумға қатысқан жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заманғы қатерлерге қарсы тұру үшін арнайы оқыту бағдарламаларын, мектептер мен жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған пәндер енгізудің қажеттілігін айтты.