Қаржылай қолдауға 134 тұрғын ие болды. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңгеге дейінгі гранттар қарастырылды. Жоба шеңберінде барлығы 934 өтініш қабылданып, арнайы комиссия шешімімен 134 үміткердің ісі мақұлданды. Қазіргі таңда грант иегерлері Еңбек мобильділігі орталығымен екі жақты келісім жасалып, қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде.
Грант иегерлерінің басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Атап айтқанда, қаржылай қолдау алғандардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 5 адам, асыраушысынан айырылғандар – 7, мүгедектігі бар, еңбекке қабілетті азаматтар – 23, көпбалалы отбасылар – 71 және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар – 28 адам бар.
Қолдау тапқан жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сонымен қатар, өндіріс саласы (құлпынай өсіру, ет өнімдері және т.б.) – 39 жоба, тігін – 15,кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба мақұлданды. Ал фаст-фуд, өзімен алып кететін сусындар, шұжық өнімдері сынды өзге бағыттағы жобалар саны – 4.
– Қайтарымсыз грант алған азаматтар өздері қорғаған бизнес-жобаға сай жұмыс істеуі тиіс. Жобада көрсетілген тауарлар мен құрал-жабдықтарды ғана сатып алуға рұқсат. Барлық сатып алынған дүниелердің түбіртегі фискальді QR-код арқылы тексеріледі. Осылайша қаржының мақсатты жұмсалғаны немесе заң бұзушылықтар анықталады, – деді Б.Алиханов.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың өз ісін бастауына, табыс көзін арттыруына және ел экономикасына үлес қосуына жол ашып отыр. Алдағы уақытта грант иегерлері өз жобаларын жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алады.