Бүгінде ел ішінде жаппай өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен өлкетану мұражайларының аумағы тазаланып, абаттандырылуда. Әл-Фараби ауданы аймағында орналасқан «Д.Қонаев» және «Ә.Молдағұлова» ескерткіштерінің маңы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені мен Абай ауданына қарасты «Темірші әулие» кесенесі, сондай-ақ мен Тұран ауданындағы Тілеу Айтұлы батыр, Бәйдібек би ескерткішінің айналасы ретке келтірілді. Арықтар тазаланып, отыратын орындықтар сырланып, гүлдер егілді, шөп орылып, ағаштар қырқылды, әктелді.
Қазақ халқы бірінші байлық денсаулық деп денсаулықты күтуге қатты көңіл бөлгені белгілі. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы да тазалыққа қатысты екенін «тазалық – денсаулық кепілі» деген бір ауыз сөзбен көрсеткен. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Әсіресе тарихи маңызы бар ескерткіштер мен қасиетті орындар болса екі есе игі.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.