Шырайлы Шымкент деген атқа ие қаланың жыл сайын көркейіп, келбеті ажарлана түскеніне қала тұрғындары куә. Және осы әсемдікті сақтап қалуға атсалысып жатқандар да баршылық.
Шымкент десе елең етпейтін ел жоқ болса керек. Ал шымкенттіктер десе қорқа қарайтын да, қызыға қарайтын да жұрттар бар.Әсірелеп айту емес, шынында Шымкент қаласының тұрғындары кең пейілді, ақ жарқын, барған жеріне тез үйренісіп кете алатын адамдар. Шыққан жерінің ерекшелігінен бе, бар ғұмырын өнерге жұмсаған өнерпаздардың көбісі сол аймақтан шығады. Бұл жағынан қызыға да, қызғана қарайтынын жасырмайтын қазағымыз баршылық. Оңтүстіктің тұрғындары ел демографиясының өсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бұл өңірде туу көрсеткішінің жоғары болуы діні мен дәстүрін тиянақты ұстағанынан болар.
Шымкент – дара дәстүрімен, ерекше мәдениетімен танылған шаһар. Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы.
Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай ұлттың өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты.
Аталған қалада 19 мәдени ұлттық орталық жұмыс жасайды. Олар қазақ, славян, өзбек, татар-башқұрт, неміс, еврей, корей, күрді, поляк, әзірбайжан тағы да басқа ұлт өкілдерінің орталықтары болып табылады.
Аталмыш орталықтар шаһардың тыныс тіршілігіне, мәдени өміріне белсене қатысады. Бірқатар мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қалада этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылған. Қазіргі таңда шаһардағы ассамблея ғимаратында этнос өкілдері мемлекеттік тілді оқып-үйренуде. Одан бөлек «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалымен бірлесе жастардың стартап жобаларын іздестіру, тұрғындарды бизнес бастамаларға баулуда шеберлік дәрістерін тұрақты түрде өткізу қолға алынған.
Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты Шымқала тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, рухани кемелденуіне өз үлестерін қоса бермек.