Бүгінгі күнге дейін Жартытөбе ауылдық округіне қарасты «Таскөмірсай» маңындағы егістік алқап пен Құмкент ауылдық округіне қарасты Сарысу ауданымен шекаралас аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілді.
Жалпы көлемі 5 200 гектар аумақ зерттеліп, оның 1 250 гектарынан италиялық саяқ шегіртке түрі анықталған. Анықталған аумақ толықтай залалсыздандырылып, қажетті санитарлық жұмыстар атқарылды.
Аталған жұмыстарға 5 штангалы бүріккіш трактор, 4 пикап көлігі, 5 арқаға тағылатын бүріккіш құрылғы (ранцевый аппарат), 2 су тасушы техника (водовоз) және 25 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда өңделген аумақтарда тазалау және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, маусым айының 5-і күні Құмкент ауылдық округіне қарасты Ақжар жайылымдық қамысты алқабында шегірткенің азиялық түрі анықталды. Мамандардың айтуынша шегірткенің бұл түрі тек қамыспен қоректенеді.
Дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде «АН-2» ұшағы арқылы 900 гектар алқап залалсыздандырылды.
Қазіргі таңда зиянкестер анықталған аймақтар болжам орталығы мамандарының тұрақты бақылауына алынған. Шегіртке ошақтарының таралуына жол бермеу бағытында тиісті шаралар жалғасуда.