Сәрсенбі, 28 Мамыр 2025 16:15

Түркістан: Шардаралықтарға қаржылық сауаттылық кеңестері берілді

Шардара қаласында «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында аудан жастарына арналған ашық форматтағы семинар өтті. Іс-шараны «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Семинар Шардара қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ғимаратында өткізілді.

 

Кездесуге «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы Ролан Қонысбеков, педагог-психолог Шара Абдирахманова, сондай-ақ қала мен ауылдардан келген белсенді жастар мен тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында Жандос Әзімбай жастарға қаржылық және құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын түсіндіріп, күнделікті өмірде алаяқтық, заңсыз несиелер және шоттардың бұғатталуы сынды қауіптердің алдын алу үшін құқықтық білімнің қажет екенін атап өтті.

– Әр азамат өз құқығы мен міндетін нақты білуі тиіс. Бұл тек заң алдындағы жауапкершілік емес, жеке қауіпсіздіктің негізі, – деді ол.

Ал педагог-психолог Шара Абдирахманова қаржылық қиындықтардың адамның психологиялық жай-күйіне тигізетін әсерін тілге тиек етті.

– Қаржылық тұрақсыздық күйзеліс, жанұялық мәселелер мен сенімсіздікке әкелуі мүмкін. Сол себепті қаржыны ғана емес, эмоцияны басқару да маңызды, – деді ол.

Семинар соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тиісті жауаптар алды. Іс-шара жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құқықтық қорғаныс деңгейін көтеруге бағытталған тиімді диалог алаңына айналды.

Оқылды 35 рет