Сәрсенбі, 28 Мамыр 2025 12:47

Түркістан: Еңбек нарығын жандандыру тетіктері қарастырылды

Биыл Түркістан облысында 125 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жоба негізінде өңірден 2004 жұмыс орны ашылмақ. Соның бірі - “Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені” ЖШС.

Күні кеше кешеннен жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты мәжіліс өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық етті. Одан бөлек, келелі кеңеске облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Қазанқапов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Түркістан Инвест» ЖШС, «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС басшылары мен Арыс, Отырар ауданы әкімі орынбасарлары және аудандық мансап орталықтарының жетекшілері қатысты.

Қазіргі таңда “Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені” мақта кластерін дамыту аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін тамшылатып суғару технологиясы қолданылуда. Бүгінде Отырар ауданы мен Арыс қаласының тұрғындары жұмыспен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, 22 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Одан бөлек, 80-ге жуық азамат күндік ақыға еңбек етуде.

Жиында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің өкілдерімен бірлесе отырып, еңбек нарығын жандандыру тетіктері қарастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тұрақты жұмысқа қабылдау барысында заң талаптарының сақталуына баса мән беруді тапсырды.

Оқылды 48 рет