Атап айтқанда, Шолақ-Еспе су тарату желілері мен резервуарлар, жылу жүйесі мен жылу қазандықтары және мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Орталық көшеде шағын футбол алаңы салынып, №22 және №23 үй аулаларында балалар ойын алаңшалары орнатылып, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріледі.№21 үйдің артында орналасқан аллея жөнделіп, жаяу жүргінші жолы төселеді. 40 шаршы метр аумақ қоршалып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Әкімдік ғимаратының жанынан тағы бір шағын футбол алаңы бой көтермек.
Сондай-ақ №20 үйдің алды мен Шұғыла көшесіне балалар ойын алаңшалары орнатылады. Жаяу жүргізушілер жолағы мен баскетбол алаңына, сондай-ақ орталық саябақ алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №20 үйдің артында орналасқан аллея да абаттандырылады.1 және 2 мөлтек аудандардағы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектепке апаратын жолға арнайы велосипед жолағы және жол белгілері орнатылады.
Бұл жөнінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кенті тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Жиында аудан басшысы тұрғындарға атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен ақпарат беріп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала мамандарымен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, коммуналдық саланың тиімділігін арттыру мақсатында алынған техникалардың жай-күйімен танысып, жөндеуден өтетін мәдениет үйін аралап көрді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және бірқатар мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат