Сейсенбі, 20 Мамыр 2025 13:04

Созақ ауданы көлемінде сенбілік жұмыстары өткізілді

Созақ ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға мекеме қызметкерлері, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысында саябақтар, ішкі көшелер, ауыл маңындағы сай-салалар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, 350-ден астам адам Шолаққоған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында қоршау бағаналарын сырлап, ағаш көшеттерінің түптерін әктеу жұмыстарын жүргізді. Аталған аумаққа арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков санитарлық тазалық пен аудан аумағын абаттандыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

Тазалық жұмыстарына барлығы 5670-тен астам адам жұмылдырылды. Оның ішінде мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары мен ерікті жастар бар. Сонымен қатар, сенбілікке 25 арнайы техника тартылып, 44 шақырым көше және 19 шақырым жаяу жүргінші жолы тазартылды. Нәтижесінде, 270 тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет