Игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығының мүшелері, белсенді жастар мен жергілікті тұрғындар жұмыла қатысты. Қызылкөл маңы мен көлге апарар жол бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында арнайы пластик қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктері орнатылды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы«Таза табиғат — жарқын болашақтың кепілі. Қоршаған ортаны қорғау — әрбір азаматтың міндеті. Бүгінгі сенбілікке атсалысып, табиғатқа жанашырлық танытқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Осындай бірлігіміз бен жанашырлығымыз көпке үлгі болсын!» — деп, қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдірді.
Айта кетейік, аталған акция бұған дейін 7-11 сәуір аралығында аудан аумағындағы 12 ауылда өткізіліп, акцияға 972 адам атсалысты.
Кез келген елді мекеннің әрбір тұрғыны өзі тұратын ауылының, өзен-көл маңдарының, үйінің ауласын таза ұстаса, өңір тазалығына қосқан үлесі болып табылады. Өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруда тазалық акцияларының маңызы зор.
Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.
Тазалық - жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек сияқты.
Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды. Қорыта келгенде «Бір тал кессең – он тал ек» демекші, туған жерді, туған жердегі өзен-көлдің маңайын таза ұстап, осындай сенбілік жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамыз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат