Аудан әкімі: «Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке Ұлы Отан соғысына қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайсар рухының жеңісі. Сіздердің соғыстан кейiнгi жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру жолындағы қажырлы еңбектеріңіз кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге болып қала береді. Бүгінгі өскелең ұрпақты береке - бірлікке, тату - тәттi тірлікке тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып ортамызда аман - есен жүре беріңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Ұл - қыздарыңыздың, немере - шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіздер» - десе, аудандық мәслихат төрағасы ардақты аналарды мерекемен құттықтап, бүкіл аудан халықының және депутаттардың атынан бүгінгі бейбіт күн үшін үлкен алғыс айтты.
Арнайы құттықтап барған аудан басшылары ардақты аналарға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде қарт аналар аудан басшыларына шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 3 000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанып, 2 466 боздақ туған жерге оралмағаны белгілі. Отырарлық Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов ең жоғарғы награда Кеңес Одағының батыры атағын алды. Қайсар рух пен көзсіз ерліктің үлгісі болған батырларымыздың есімдері мен ерліктері мәңгілік ұмытылмасы һақ!
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат