Аудан басшысы еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып жүрген батыр аналарға айрықша алғыс білдіріп, қоғамдағы ана мен баланың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Өскелең ұрпақтың бойына Отансүйгіштік, адалдық қасиеттерді дарытып, еліне адал қызмет етуге тәрбиелеуде ата-ананың рөлі жоғары екенін жеткізді. Мейірімге толы шарада құрметке бөленген аналар «бүгінгі бейбіт күніміз ұзағынан сүйіндіріп, жас ұрпақ алаңсыз өмір сүруі үшін біздің Отан қорғаушы сарбаздарымыз аман-есен болсын» деген ізгі тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарға «Күміс алқа» беріледі. ҚР Президентінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №739 Жарлығы бойынша отырарлық 4 анаға «Алтын алқа» және 17 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталып отыр. Айта кету керек, бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 693 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1336 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.
Бүгінде мемлекетіміз көпбалалы аналарға ерекше қамқорлық көрсетіп, жағдай жасап келеді. Мәселен, көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек көптеген жеңілдік қарастырылған. Төрт және одан да көп баласы бар отбасылар тұрғын үй кезегіне тұрып, бизнес бастауға қайтарымсыз грант ала алады. Еліміздің демографиялық көрсеткіші жыл санап артып келе жатқаны белгілі. Соның арқасында соңғы жылдары Қазақстан халқының саны 20 миллион адамнан асты. Көпбалалы отбасылар демографиялық ахуалымызды көтеруге үлкен үлес қосып отыр. Өз кезегінде ел Үкіметі түрлі қолдау шараларын ұсынып отыр.
Елімізде 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Бұл ретте баласы кәмелет жасына толғаннан 23 жасқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуы тиіс екенін ескерген жөн. Алты бала туған көпбалалы аналарға "Күміс алқа", ал жеті не одан көп бала туған көпбалалы аналарға "Алтын алқа" беріледі.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқанын атап өткен жөн.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат