ШЫМКЕНТ: МЕКТЕПТЕРДІҢ АУМАҒЫНДА ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТКЕЛІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелерінде жол таңбаларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады.

Бүгінгі күнге дейін қаладағы 87 мектептің алдында жаяу жүргіншілер өткелі жаңартылды.

Жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі мақсатында түнгі уақытта атқарылады.

Шымкент қаласында бүгінде 270 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 120 шақырымы акрильді бояумен сызылды.

Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен 450 шақырым жол таңбалары сызылған болатын.

Жол таңбалары сызылған көшелер тізімі:

Пластика:

1. Бөгет көшесі

2. И.Тайманұлы көшесі

3. Шымсити ш/а 5 көше

4. Володарского көшесі

5. Ерманов көшесі

6. Сайрам көшесі

7. Мәделі қожа көшесі

8. А.Асқаров көшесі

9. Н.Малқаров көшесі

10. Рашидов көшесі

11. Н.Төреқұлов көшесі

12. М.Мәметова көшесі

13. Тәуке хан көшесі

14. Ж.Шаяхметов көшесі

15. Түркістан көшесі

16. Ж.Тәшенов көшесі

Акрильді бояумен:

1. Бақбаев көшесі

2. Қ.Төлеметов көшесі

3. Жібек жолы көшесі

4. Ынтымақ ш/а (Барыс базар маңы)

Бұдан бөлек, Шымкент көшелерінде жол қозғалысын реттеуге арналған 1100-ге жуық белгі орнатылды. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте автокөлік жолдары 2347 шақырымды құрайды. Яғни, осы асфальт жолдарда көлік қозғалысын реттеуге арналған 290 сигналды бағдаршам, 13 700 жол белгісі мен 35 мың метр квадраттан астам жол таңбалары сызылған. Шаһардағы жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қала көшелері мен жол белгілерінің жәй-күйіне көктемдік кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, анықталған кемшіліктерді түзету үшін ( жол белгілерін орнатуға, жол таңбаларын жаңартуға, ойық-шұңқырларды қалпына келтіруге) жергілікті атқарушы органдарға 595 нұсқама берілді. Сәйкесінше, биыл 12 орынға жаяу жүргіншілерге арналған белсенді бағдаршам мен 15 қиылысқа автокөліктерді реттеуге арналған сигналды бағдаршам қойылды.

Бұған қоса, жол қозғалысын реттеуге арналған 1079 белгі орнатылып, 220 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жолдарда, құрлыстарда күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамағаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Өз кезегінде, полиция қызметкерлері азаматтарды жолда абай болуға және орнатылған белгілер мен ережелерге қатаң бағынуға шақырады.

 

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың жоспары талқыланды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» бойынша іс-қимыл жоспары талқыланды.

Консультативтік кеңес отырысына Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өзі төрағалық етті.

Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала прокурорының орынбасары Бахтияр Мухамеджан, мәслихат хатшысы Бахадур Нарымбетов, қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен төтенше жағдай жөніндегі департамент басшылары, экономика, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен консультативтік кеңесші орган мүшелері және баспасөз тілшілері де маңызды жиынның төрінен табылды.

«Қазір адамдар арасында профилактика тек полицияның міндеті деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кез-келген қылмыспен біз қоғам болып күрескенде ғана, қауіпсіздікті нығайтуға зор мүмкіндік аламыз. Ол үшін осы жиынға қатысып отырған әр тұлға өз пікірін ортаға салып, тұжырымдаманы іске асыруға бір кісідей ат салысу керек деп ойлаймын.» - деді, полиция генерал майоры Қайрат Дәлбеков.

Бұған қоса мегаполистің бас полицейі соңғы кездері ең өзекті мәселеге айналып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткі қылмыстарының себеп салдары мен статистикасына жеке дара тоқталып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап айтты.

Келесі кезекте Шымкент ҚПД Штаб басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айжан Куленова жиынға қатысушыларды тұжырымдаманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарымен таныстырды.

Оның ішінде, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол апаты жағдайларының алдын алуға және полиция қызметінің сапасын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарды назарға ұсынды.

Өз кезегінде, жауапты орган басшылары мен консультативтік кеңес мүшелері ұсынылған жоспарға өз ой-пікірлерін қосып, қызу талқыға салды. Олардың әрқайсысын « Қоғам қауіпсіздігі үшін мен не істей аламын?» деген сауал толғандырғаны анық. Өйткені, жоспардың әр бөлігіне жеке пікір білдіруші азаматтар саны көп болды.

Жиын соңында, қатысушылар жұмыла көтерген жүк жеңіл деп алдағы уақытта қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уәделесті.

 

 

Шымкенттің бас полицейі балаларды мерекемен құттықтады

«1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков басшылық және жеке құрам қызметкерлерімен №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап қайтты.

Бүлдіршіндер арнайы келген тәртіп сақшыларын қазақы киіз үйде орналасқан қолөнер көрмесіне апарып, кейін мәжіліс залында мерекелік концерт қойды. Салтанатты шарада балалар үйінің басшысы Алия Бектемисова сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді меншікті мейрамында назарсыз қалдырмағаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Сондай-ақ, жігіттерді спортқа баулып, ел қорғайтын мықты азаматтарды тәрбиелеу мақсатында спорт үйірмесі ашылғанын арта тартып, онда қоян-қолтық ұрыс әдістерін үйрететін жаттықтырушы бар екенін атап айтты. Өз кезегінде жас спортшылар білетіндерін ортаға салып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Сөз кезегін алған, мегаполистің бас полицейі балаларға ізгі тілегін айтып, оларға арналған сый-сияпаттарды табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мықтап тапсырды. Өйткені, туған өлкемізде өсіп келе жатқан әр бала - біздің өміріміздің мәні, берекесі мен болашағы екенін атап өткім келеді. Олардың қауіпсіздігі, тәрбиесі мен білімі ұлт келешегіне зор әсер ететіні айтпаса да белгілі. Сондықтан, қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар сіздерге біздің құшағымыз әрдайым ашық екенін, погонды аға-әпкелеріңіз дұрыс жол көрсетіп, құқықтық кеңес беруге қашан да дайын екенін жеткізгім келеді.» - деп, полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы балаларға деген ерекше қамқорлығын көрсетті.

Шара соңында Шымкент қаласы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері балаларға қарсыласты қарусыздандырудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, таңқалдырды.

Бұған қоса, № 6506 әскери бөлімінің сарбаздары бүлдіршіндерге өздерінің күнделікті ас мәзірінен дәм тату мүмкіндігін сыйлап, жігіттерді болашақта Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.

Мейірім мен қуанышқа, бақыт пен шаттықа толы кездесуден балалар мәз-мейрам болып тарқасты.

Шымкентте гарнизондық тарату өтті

Ішкі істер министрінің нұсқауымен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жеке құрам қызметкерлері арасында гарнизондық тарату өткізді.

Мегаполистің әкімдік ғимаратының алаңына Полиция департаментінің тәуліктік нарядқа түсетін барлық сақшылары түгел жиналды.

Мұндағы мақсат - полицейлердің қызметтік міндетті атқару үшін қаншалықты талапқа сай екенін тексеру, олардың құжаттары мен құрал-жабдықтарын және сыртқы келбеті мен нысанды киім үлгісін жіті назарға алып, кемшіліктер кездессе дер кезінде шара қолдану болып табылады.

Маңызы зор шарада полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы әр қызметкерді жеке өзі тексеріп, олардың тиянақтылығына сыни көзқараспен қарады.

Халықпен етене жақын жұмыс істейтін орган қызметкерлері ретінде сыртқы келбетке және нысанды киімді үлгісіне күтіммен қарауды ескертті.

- Қатарда тұрған әр сақшы бүгінгі Шымкент полициясының айнасы. Сондықтан, сіздер азаматтармен қарым-қатынас орнату кезінде мәдениетті, жинақы, заң талаптарына қатаң бағынатын, қызметтік құжаттары мен жабдықтары түгел полицей болу қажетсіздер. Жұртты тәртіпке шақырып, қылмысқа жол бермеу үшін антқа адал, талапқа сай қызмет етіңіздер.-, деді Қ.Дәлбеков.

Полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел іс-қимылдарға әрқашан сақадай сай болуы тиіс. Төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, адам тағдыры қыл үстінде тұрса құтқару жабдықтарын өз пайдасына жарата білуі қажет.

Осы мақсатта тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексеріліп, кемшіліктерді түзету үшін басшылық құрамға тиісті тапсырма берілді.

Гарнизондық тарату кезінде өз қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген полицейлер марапатталып, тексеру жұмыстары саптық байқаумен аяқталды.

Айта кетейік, аталған шара әр айдың соңғы жұмасында өткізіледі.

ШЫМКЕНТ: НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ЖАСТАРҒА ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Болашақ медицина қызметкерлері нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына ат салысуға ниетті.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында айтылған бастамаларға сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жалпы ел аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік дәрістер өткізуде.

«Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында кезекті іс-шара «Жоғары медицина колледжінде» жалғасын тапты.

Оған Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, «Психикалық денсаулық орталығының» наркологы Асем Шаукенбаева, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» мұғалімі Назира Жүргенбаева және «Жастар ресурстық орталығының» маманы Арайлым Әлім қатысты.

«Басты байлық - денсаулық» деген қағиданы ұстанған олар көрсетілген мәселелер бойынша болашақ медицина қызметкерлеріне толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, алдағы демалыстарындағы бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.

Сөз соңында студенттер аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағытта жұмыс жүргізуге ниетті екендерін жеткізді.

Созақ ауданындағы шомылуға тыйым салынған өзен-көл жағалауларында рейдтік жұмыстар жүргізілді

Созақ ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасары, аудындық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге Созақ ауданы аумағында орналасқан тыйым салынған өзен, көлдер жағалауларында рейдтік жұмыстарын жүргізді.