ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗҒА "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Кунтаева Марфуга - жаңаша ойлайтын, қарапайым,оқушының ойына сенім ұялата алатын, түсінігі мол, білімді, өз кәсібінің майталманы.

Сонымен қоса отбасында жолдасы екеуі бір қыз тәрбиелеп отырған мейірімді ана. Күйеуі Туреходжаев Абдижайбар Жахаевич еңбек жолын Шымкент әскерилендірілген теміржол бекетінде оператор қызметінен бастаған. Бүгінде "Көкжал" аналитикс қауіпсіздік қызметінің күзетшісі. Қазіргі уақытта қызы Жақай Махаббат Абдижайбарқызы "Профарма" компаниясының бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

Оқыту мен оқуда құзыреттілік танытатын көшбасшы ұстаз. Қазіргі заман талабына сай өз білімін үнемі жетілдіріп отыратын, сабақтарында инновациялық технологияларды ұтымды пайдаланатын, әр баланың жан дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы білікті педагог-маман. Ұстаз өзінің адамгершілігімен, асыл қасиеттерімен де ұжымда жоғары беделге ие. Сонымен қатар, гимназия сыныптарын өзінің авторлық бағдарламасы бойынша оқытады.

2008 жылы «Ең үздік авторлық бағдарлама» атты облыстық байқауда І дәрежелі дипломды иеленді. Шешендік өнерге баулудағы тәжірибесі арқау болған бірнеше мақалалары мерзімдік республикалық, облыстық, қалалық баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Кунтаева - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болған мұғалімдердің олимпиадасының да жеңімпазы .Жаңартылған білім беру жағдайындағы сабақты жаңартудың интербелсенді әдістері,оқыту әдістерін жаңа тұрпатты сабақты құрылымдауда тиімді қолдану, олардың ерекшелігі туралы өзінің тәжірибесін 2018 жылы «Жаңа тұрпатты сабақты құрылымдау» атты әдістемелік нұсқаулық құралы арқылы облыс, қала мұғалімдерімен бөлісті. 2019 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2020 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Мың бала» интеллектуалды орталығы білім порталы «Үздік сабақ жоспары» атты республикалық байқауына қатысып І орын алды.

2020 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Мұғалім еңбегі-рухани жаңғыру негізі» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып,білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін дипломмен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Қорының «Үздік қазақ тілді интернет –сайт сыйлығы» байқауында «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы атанған 2-дәрежелі дипломымен марапатталды.

«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, өзі тәрбиелеген оқушылары биік тұғырдан көрінуде. 2009 жылы республикалық Х Абай оқулары байқауында Сапарбеков Бекжан 2-орынды және республикалық «Ақ қауырсын»- 2 шығарма байқауында шәкірті Санақұл Шаһар 3-орынға ие болды.

Кунтаева Марфуга оқушылардың рухани әлемін сәулелендіру мақсатында оқырмандықты дамытуды арнайы курс арқылы жүргізіп келеді. Нәтижесінде шәкірттері А.Байтөре ,М.Құралбай , А.Асылбек 2015 жылы «Kel ,balalar, okylyk» ұлттық сауаттылық қауымдастығы ұйымдастырған «Ойлы оқырман» республикалық байқауында «Ең қызықты кітап» номинациясы бойынша І, ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды.

Өз пәнінің шебері білім нәрімен сусындатқан оқушылар Курбенова Маржан 2009 жылы, Тұрсынбай Жансая 2010 жылғы облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері ретінде С.Демирел атындағы ОАУ –нің гранттарына ие болған. Қазақ тілі мен әдебиетінен болған облыстық пән олимпиадасында 2016, 2017, 2018 жылдары, яғни үш жыл қатарынан шәкірттері: Санақұл ШаҺар , Жанбырбаева Зарина, Асей Мадина жүлделі І орынды иеленген болатын.Биылғы республикалық пән олимпиадасында 11 -сынып оқушысы Асей Мадина жүлдегер атанды. «Жарқын болашақ» олимпиадасының да қалалық, облыстық кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегерлері де Марфуга Абуталиповнаның шәкірттері. Қазақ тілінен болған халықаралық «Nalanda» қашықтық олимпиадасына 21 оқушысы қатысып, жүлделі орындарға ие болған.Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы 2016 жылы «Эрудит» Интеллектуалды білім порталының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырған байқауында 11 –сынып оқушысы Арапбай Ақниет 1- дәрежелі дипломмен марапатталған . 2017 жылы 10-сынып оқушысы Батырбек Аружан 8-11-сынып оқушылары арасындағы Семей қаласында өткен «Ақберен» IV республикалық ақындық және шешендік өнер байқауының «Эссе жазу» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломға ие болып, жеңімпаз атанған.

2019 жылы 7- сынып оқушысы Абуталип Тоғжан «Мәңгілік ел жастары» республикалық онлайн байқауының ІІ орын дипломмен марапатталған. 2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Абай мұрасы танымдық порталы ұйымдастырған «Көңілімнің санасы» байқауында 7»Д» сынып оқушысы Абитова Алтын 1- орынды, Абай мұрасы танымдық порталы ұйымдастырған «Көзімнің қарасы» байқауында 7»Д» сынып оқушысы Алатай Нұргүл 2-орынды иеленді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері Кунтаева Марфуга сабақ беретін мектеп бітіруші түлектердің білім сапасы 100%-ды құрайды.

 

ШЫМКЕНТТЕ «INTERNATIONAL EDUCATIONAL FAIR 2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Бүгін Шымкентте «International Educational Fair 2023» халықаралық білім көрмесі өтті. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы келіп, болашақ студенттер мен жас мамандарға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономика салаларындағы кадр тапшылығын, сондай-ақ, білім беру жүйесін өзгерту қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме жастарымыздың дамуына үлкен мүмкіндік береді. Осынау ауқымды іс-шараға әлемнің 60 елінен түрлі университеттер қатысып отыр. Бүгінде көптеген дамыған елдерде тегін білім алу жолдары қарастырлған. Оған қоса жастардың шет елде жоғары білім алуына мемлекет тарапынан ла қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жас мамандардың осы мүмкіндікті пайдаланып, заман талабына сай сапалы білім алуына тілектестік білдіремін. Еліміздің болашағы жастардың қолында десек, осындай іс-шаралар арқылы еліміздің кадрлық әлеуеті мықты да білікті мамандармен толысатындығына сенімім мол, –деді Қ.Асылов.

Қазан айының 7-сіне дейін жалғасатын көрменің жабылу салтанаты Ташкент қаласында өтпек. «Аіі Group» білім және мәдениет, медиа компаниясы, «Віlіm» ЖШС-інің бастамасымен өткен көрме қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік білімнің қолжетімділігі мен таңдау ауқымын көрсету, жастардың жан-жақты дамуы мен білімді, дарынды жастарға тәжірбие алмасуына қолдау білдіру мақсатында жеті жыл бойы ұйымдастырылып келеді.

Айта кетейік, Биыл «International Educational Fair 2023» білім көрмесіне әлемнің 60-тан астам елдерінің оқу орындары қатысты. Оның ішінде жастардың қызығушылығын Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің университеттері мен білім гранттары қызықтырып отыр. Көрмеге қаламыздың оқу орындары мен мектептерден 1 мыңға жуық талапкерлер қатысты.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САЛАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қазақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын ілгерілету» тақырыбында консультативтік кездесу өтті. Бұл кездесу қатысушыларды сапалы дене тәрбиесі саласындағы саясат бойынша ЮНЕСКО әдіснамасымен таныстыру, «Сапалы дене тәрбиесі» ұлттық саясатын әзірлеу шеңберінде дене тәрбиесін нығайту жөніндегі іс-шараларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі, жобаның техникалық жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Алматыдағы Кластерлік Бюросының өкілі мен жиынға мүдделі топтар қатысты.

Жоба шеңберінде жүргізілген талдамалық зерттеуде дене тәрбиесі саласындағы бірқатар мәселелерге, оның ішінде Казақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын (СДТ) әзірлеу кезінде назар аударарлық дүние көп. Атап айтқанда, дене тәрбиесі мұғалімдерінен тұжырымдамалық негіздерді жаңарту, дене шынықтыру мазмұнын жаңғырту қажеттілігі туындайды. Бұл, ең алдымен, теория мен практиканың сәйкес келмеуі, студенттік және мектептегі дене шынықтыру, спорт мәселелері бойынша іргелі және әлеуметтану зерттеулерінің жеткіліксіз жүргізілуінен болып отыр. Жобаның мақсаты – Қазақстанда СДТ саясатын ілгерілету болып табылады. Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия қолдады. Осы жоба аясында бүгінгі кеңесте бірқатар мәселелер мен ұсыныстар жоспарға қойылып отыр. Бұл жүзеге асып қана қоймай, сапалы дене тәрбиесі, сау ұрпақтың қалыптасуына жол ашады деп ойлаймын, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан, Кырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросымен мәміле туралы Меморандум аясында Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы «Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі» жобасын іске асыруда. Жобалық қызмет, оның ішінде, СДТ саясатын іске асыруға қатысы бар мүдделі тараптардың барлық топтарының қатысуын және тартылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

ШЫМКЕНТ:ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДЕГІ ОҚУШЫЛАРДЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала әкімі Ғ. Сыздықбековтің қатысуымен өткен арнайы жиында жеке мектептердегі оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ қала прокуроры Ғ. Мұқанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қала бойынша департаментінің басшысы Д.Ерғариннің қатысуымен өткен басқосуда ыстық тамақ беруді тиімді ұйымдастыру тетіктері мен осы бағыттағы өзекті мәселелер пысықталып, оңтайлы шешу жолдары талқыланды.

Биыл қалада 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған болса, оның 80 мыңнан астамы -1-4 сынып оқушылары, 53 893 оқушы - атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының балалары.

2022 жылы қала мектептерінде бастауыш мектеп оқушыларына түгел ыстық тамақ берілген болатын. Жалпы қамтылған оқушылар саны - 133 758. Бұл мақсатқа 12,8 млн.теңге жұмсалған.

Қала аумағында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында құқық қорғау органдары, білім саласы, ата-аналар комитеті өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған.

Келесі аптада жұмыс тобының қорытындысы арнайы жиында талқыланатын болады.

Айта кетейік, Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Нәтижесінде қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. 2022 жылы қолданысқа берілген 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен салынған еді. Шымкентте алдағы бес жылда қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12, ал жеке инвестор қаржысына 40 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.

ШЫМКЕНТ МЕКТЕПТЕРІ ЕЛІМІЗДЕГІ ҮЗДІК 100 МЕКТЕПТІҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

2023 жылдың 12 қыркүйек күні Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Тажиева Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуына орай, қаладағы барлық мемлекеттік және жекеменшік оқу орын басшылығы мен ұстаздар және жоғары сынып оқушыларымен әлеуметтік желі арқылы екі жиын өткізді.

Алғашқы жиын мектеп басшылығы мен жоғары сынып оқушылары арасында өтті .

Алдымен жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаған басқарма басшысы Ж.Тажиева өткен жылы атқарылған жұмыстарға егжей- тегжейлі тоқтала келе, алдағы уақытта атқарылатын жоспарларды нақтылады.

Қоғамдағы ұстаздардың орнының ерекше екенін айта келе, Ж.Тажиева ұстаздарды оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге және бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Жиын соңында оқушылардың ой- пікірлері мен сауалдарын тыңдаған басқарма басшысы Ж.Тажиева ай сайын осындай жиын өткізіп туратындығын жеткізді.

Екінші жиын басқарма қызметкерлері мен мектеп директорлары, орынбасарлары және ұстаздар арасында өтті.

Мұнда да Шымкент қаласының білім басқармасың басшысы Ж.Тажиева жаңа оқу жылының басталуымен барша қатысушыларды шын жүректен құттықтап өтті.

Өткен жылы атқарылған және атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар тәрбие саласына ерекше тоқталды.

Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, кемшілік жіберген мектептерді атап- атап, сынға алды. Алдағы уақытта қайталанбауын талап етті.

Сондай- ақ білім сапасына да тоқталды.

"Білімді- бірді, білекті мыңды жығатындығын" тағы да бір еске түсірді.

Шымкент қаласының абыройын асқақтатқан, білім сапасы жағынан республикада жүздікке кірген барша мектеп басшылығына ерекше алғысын жаудырды.

Көрсеткіші төмен мектеп ұжымдарын атап өтіп, жоғарыда жүздікке кірген мектептерден үлгі алуға үндеді.

Сыйбайлас жемқорлық мәселесі де қалыс қалмады.

Сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырды.

"Мектепке жол" акциясы аясында жауапты мамандардың селқостығынан көптеген аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының мемлекет қаражатынан қағылғандығы ерекше аталып өтілді.

Тазалық, оқушылардың қауіпсіздігі, суицид т.б. көптеген маңызды мәселерге де тоқталып, әріптестерін адал, әрі бірлесіп, жұмыс жасауға шақырды.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТТЕ 260 – ҚА ЖУЫҚ МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында 28 048 бала 1-сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттады. Қаладағы №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда 1 қыркүйек – Білім күніне арналған алғашқы қоңырау мерекелік іс-шарасы өткізілді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

Баршаңызды «Білім күні!» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы мектепке тұңғыш рет қадам басатын 250 бүлдіршінге арналған шараға жиналып отырмыз. Бұл естен кетпейтін ерекше сәт болары белгілі. Сіздермен бөлісер жағымды жаңалығымыз бар. Осы мектепке 600 орындық жаңа ғимарат салынды. 24 оқу кабинеті, 260 орындық асхана, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары, информатика мен ағылшын лингафон кабинеттері, заманауи кітапхана қосымша қолданысқа берілді. Енді бұл мектептке 1000 оқушы білім алатын болады. Еске салсам, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен өткен спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленді. Футбол сайысынан І орын, шахматтан ІІ орын, ал баскетболдан ІІІ орын иегері атанды. 20 миллион теңге сертификатын алып, оқушылар мектепке автобус сыйлады. Құрметті оқушылар! Өздеріңіздей өрелі ұрпағы барда еліміздің мәртебесі биік, айбыны асқақ боларына күмән жоқ. Тағы да баршаңызды мерекемен құттықтай келе, жаңа оқу жылы жетістіктерге толы жыл болсын. Ұстаздардың игі қызметтеріне табыс тілеймін, - деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Ал, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытылатын мамандандырылған №8 гимназияда болып, оқушылардың қуанышымен бөлісті. Ол салтанатты шарада 148 жылдық тарихы бар білім ордасының тарихына үңіліп, мектептің жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты. 1100 орындық мектеп ғимараты заманау үлгіге сәйкес салынған. Білім ұясы 2022-2023 оқу жылында республикалық ең үздік олимпиадалық мектебі мәртебесіне ие болды. Гимназияның баскетбол құрамасы үш жыл қатарынан «Шымкент Жастар лигасының» жеңімпазы атанған.

Жалпы қала көлемінде 2025 жылға дейін 54 мектеп салу жоспарда бар. Биылдың өзінде 18 500 орынға арналған 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толығымен шешілді. 2023 жылға 9 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. Оның ішінде 12 білім беру нысанының құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде.

Балалардың сапалы біліммен қамтылуы үшін жан-жақты шаралар атқарылып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілді.

 

ШЫМКЕНТ: 27 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Білім күні шын мәнінде барша халықтың дәстүрлі мерекесіне айналды.

Бүгін еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Соның ішінде Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы –26781, ал биылғы оқу жылында – 26 969 оқушы қабылдау жоспарланғанымен оқушы саны жылдағыдай тағы да артқан. Шымкентте 1 қыркүйектен бастап 246 орта білім беретін мектепте 232 788 оқушы білім алады. Шаһарда мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

ШЫМКЕНТТЕГІ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының мектептерінде бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Іргелі білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылында мектепке 250 бала 1-ші сыныпқа қабылданды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева барша ұстаздар қауымын, ата-аналарды білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәттілік тіледі.

– Жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мыңнан астам оқушы 1-сынып табылдырығын аттап отыр. Қаладағы ең озық білім ордаларының бірі №65 мектеп-гимназия ұжымы оқу жылын жаңа ғимаратпен бастады. Биыл мектеп бітірушілер жоғары жетістіктерге жетті. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс, – деді Жанат Арысбекқызы.

Іс-шара барысында жаңа оқу корпусының лентасы қиылды. Білім басқармасының басшысы, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді. 600 орындық білім нысаны 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттермен жабдықталған. Мердігер компания құрылысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды.  Шаһар  көлемінде биылдың өзінде 18 500 орындық 18 мектеп пайдалануға тапсырылуда. Биыл Шымкентте  үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді. ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.