Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы
Жұма, 15 Мамыр 2026 20:34

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтереді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады. Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.

Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді. Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.

Жалпы, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасты. Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Саммиттің басты тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болады деп жоспарланған. Түркістан төріндегі алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтіліп отыр. Түркістан төрінде өткен бұл маңызды кездесу түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін береді. Түркілер төріндегі маңызды басқосу Түркі әлемін біріктіріп, бауырластық пен бірліктің туы биік желбірей түседі деген сенім мол.

Түркі мемлекеттері ұйымы (бұрынғы атауы – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) 2009 жылы үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Оның басты мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайту. Құрылтайшы мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия – кейіннен 2019 жылғы қазанда Бакуде өткен 7-ші саммитте Өзбекстанның толыққанды мүше ретінде қосылуымен толықты. Венгрия 2018 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында өткен 6-шы саммитте бақылаушы мәртебесіне ие болды. 2021 жылғы қарашада өткен 8-ші саммитте Түрікменстан, 2022 жылғы қарашада Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және 2023 жылы Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) бақылаушы мүше ретінде қосылды.

Ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын – егемендіктің теңдігі, аумақтық тұтастық және халықаралық деңгейде танылған шекаралардың бұзылмауын, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау және тату көршілік пен достық қарым-қатынастарды дамыту секілді қағидаларды ұстанады. Ұйым бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ауқымды ынтымақтастықты ілгерілетуге және мүше мемлекеттер арасындағы ортақ дамуға бағытталған әлеуетті ашуға ұмтылады. Түркітілдес мемлекеттерді біріктірсе де, ұйым ерекше бағытты ұстанбайды. Керісінше, түркітілдес елдер арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты тереңдете отырып, Еуразия құрлығында, әсіресе Орталық Азия мен Кавказ аймағында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа аймақтық құрал болуды мақсат етеді.

Ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ болмыс және ортақ мәдениет деген төрт негізгі тұғырға негізделген Түркі мемлекеттері ұйымы бұл ұқсастықтармен шектелмейді. Керісінше, мүше мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастық салаларын – экономика, ғылым, білім, көлік, кеден, туризм және басқа да көптеген салаларды – өңірлік деңгейде көпжақты ынтымақтастыққа кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар, ұйым өз мүше мемлекеттері шеңберімен шектелмей, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен де көлік, кеден және туризм сияқты салаларда ынтымақтастық орнатады.

Ұйымның басты органдарына Мемлекет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жоғарғы лауазымды тұлғалар комитеті және Хатшылық жатады. Ұйым қызметін Түркітілдес елдердің Парламентаралық Ассамблеясы (ТЮРКПА), Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ), Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі бизнес кеңесі, Түркі университеттер одағы және Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы сияқты ұйымдар қолдайды. 2011 жылдан бастап ұйым жыл сайынғы саммиттерін белгілі бір тақырыппен өткізеді, онда мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары өткен кезеңге баға беріп, келесі жылға арналған мақсаттарды айқындайды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 36 рет
Super User

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Super User

© 2020, "AQ-QARA.KZ" ақпараттық агенттігі

Директор-бас редактор: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Байланыс телефоны: +77025361474

E-mail: dauren-tm@mail.ru


Пайдаланушылық келісім