Конференция жұмысына Сағынтай Құттыбай модераторлық етті. Іс-шара барысында ұстаздың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін «Ақталған үміт» атты деректі фильм көрсетілді. Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ашып, Құтым Ордабаевтың білім беру саласындағы еңбегін, ұрпақ тәрбиесіндегі үлесін ерекше атап өтті. Іс-шарада сенатор Нұрлан Бекназаров заманының заңғар тұлғасы Құтым Ордабаевтың еселі еңбегі мен азаматтық келбеті туралы айтып, Сенат Төрағасының құттықтау хатын табыстады.
Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткерлері Серікжан Сейітжанов, Орынбай Рахманбердиев, Болат Жылқышиев, Дархан Мыңбай сынды ел ағалары сөз сөйлеп, Құтым Ордабайұлының өнегелі өмір жолы мен ұстаздық қызметі жайында естеліктер айтты. Сондай-ақ, конференцияда Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов . Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Шара барысында дәстүрлі әндер шырқалып, ұстаздың өмірлік ұстанымы мен рухани мұрасы туралы баяндамалар оқылды.
Құтым Ордабаев – бүкіл саналы ғұмырын Отырар өңірінің оқу-ағарту саласына арнаған, 1959–1987 жылдар аралығында аудандық оқу бөлімін басқарған, «Құрмет белгісі» орденінің, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы. Конференция соңында Құтым Ордабаевтың ұлы, қоғам қайраткері Бақытжан Ордабаев қорытынды сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Құтым Ордабаев туралы Мемлекетжәне қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов «»Егемен Қазақстан» газетін шыққан естелік мақаласында былай дейді: «Отырардың есімі елге мәлім, еңселі тұлғалары қатарында белгілі ұстаз, ауданның құрметті азаматы Құтым Ордабаев ағамыз ерекше есте қалыпты. Құтекеңді аудан түгіл, облыс қадір тұтатын. Қызметін жастарға үлгі ететін.Құтекең 30 жылдай мектепті де, ауданның білім бөлімін де басқарды. Ол уақытта аудандағы білім ошақтары аса қарапайым болатын. Барлық мектеп қам кесектен тұрғызылып, жылу жүйесі жоққа тән еді. Педагог те тапшы-тын, кейбір мұғалім амалсыздан екі-үш пәнді қатар оқытатын. Мектептің байлығы қалқиған қабырға, парталар, жазуға арналған тақта ғана. Соған қарамай Құтым ағайлар балаларды Сұлтанмахмұтша «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» жігерлендіріп, асқақ армандарға жетелейтін.
Құтым Ордабаев басқаратын аудандық білім бөлімі одақ көлемінде танылып, Мәскеуден биік марапат иеленіп қайтты. 30-ға тарта қызылқұмдық ұстаз «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Құтым ағаның өзі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.Бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған Құтым Ордабаев – өңірдегі сан мың шәкіртке өмірлік жол көрсетіп, ағалық қамқорлығын аямаған жан. Бүгіндері солардың дені – ел ағасы. Олар ұстазын үнемі мақтанышпен, сағынышпен еске алады.
Әйгілі педагог Антон Макаренко: «Педагогикалық тәжірибені бірауыз сөзге сыйдыр десе, «адамға барынша көп талап қойыңыз, адамды барынша көбірек сыйлаңыз» дер едім» депті. Ұстаз, мектеп директоры, білім бөлімі басшысы Құтым Ордабаевтың қағидаты дәл осы. Ол ұдайы өзінен де, өзгеден де тәртіп пен жауапкершілікті талап ете жүріп, айналасындағы адамдардың бәріне сый-құрметпен, терең түсіністікпен, жанашырлықпен қарады.
Шынында да, Құтым ұстаз – ғибратты ғұмырын өз қолымен жасаған, елдің сый-құрметіне адал еңбегінің арқасында жеткен тұлға. Бұған ата-баба үлгісі де әсер еткені сөзсіз. Әкесі Ордабай Бәймішұлы – ХХ ғасырдың 20-жылдары Шәуілдірде бірінші ашылған Шілік ауылдық кеңесін басқарған азамат. «Отырар» мен «Қарғалы» ұжымшарларын басқарған бұл қайсар атамыз «халық жауы» деген нақақ жаламен тұтқындалып, 1937 жылы жазықсыз атылған... Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген, заман түзеліп, толық ақталды.Он бір жасында әкеден айырылып, ана тәрбиесінде өскен Құтым Ордабайұлы әке арманын орындады деп ойлаймыз.
Биыл ұстаз, қоғам қайраткері Құтым Ордабайұлының туғанына – 100 жыл. Елі ұмытпаған ұстаздың ғасырлық белесі. Шындап келгенде, бұл – пәни жалғанда санаулы сағатын аман-есен өткізіп, уақыты жеткенде келместің кемесіне мінген елеусіз көптің белесі емес, тұтас бір дәуірді жасаған ұлағатты ұстаздың, құрылым басшысының, ардақты азаматтың ғасырлық тойы. Сондықтан киелі Отырар өңірінде өшпес із қалдырған Құтым Ордабайұлының атын мәңгілікке аманаттау үшін аудандағы бір мектеп пен көшеге есімін беру – елім деп еміреніп, жұртым деп жүгініп қызмет еткен тұлға рухы алдындағы парызымыз. Осы ұсынысты ел ақсақалдары, білім саласының мамандары, көзі ашық жаңа буын бірауыздан қолдап, айтып-жазып жатыр. Біздіңше, сәті келген, орындауға лайықты ой. Бұл – білім шамын өшпестей етіп жаққан ұстаз рухы алдындағы борышымыз».
Құтым Ордабаев 1925 жылы Отырар ауданындағы Майлытоғайда дүниеге келген. Бабасы Едіге ел ішінде билік айтып, мешіт ұстаған діндар кісі болыпты. «Үштіктің» үкімімен әкесі Ордабай опат болған соң бала Құтым 12 жасында жетім қалып, ақ-қарасы араласқан сынақ ғұмырда қиянатты да, құрметті де, жоқшылықты да, жақсылықты да қатар көріп өсіпті. 1938 жылы 7 сыныптық мектепті, 1942 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген талапты жастың мұнан кейінгі өмірі мен қызметі ағарту саласына арналды.
Ұлтымызда «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген ұлағат бар. Сол сенімге селкеу түсірмей, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Құтым Ордабаев алдымен 1942-1945 жылдары Отырар, Жамбыл орта мектептерінде мұғалім болып, сонан соң Қызылқұм, Шәуілдір аудандық оқу бөлімдерін бақандай 28 жыл басқарыпты. 2011 жылы зейнетке шыққан соң Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған ағартушының атақ-абыройы, мақтау-марапаты да бір атанға жүк боларлықтай. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Үздік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Оңтүстік Қазақстан өлкелік, Шымкент облыстық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Құтым Ордабаев 1961-1999 жылдар аралығында Қызылқұм аудандық кеңесінің депутаты болып 10 дүркін сайланып, Қазақстан мұғалімдерінің ІІ, ІІІ, IV, V съездері мен 1968 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық мұғалімдер съезіне делегат ретінде қатысқан.14 бастауыш ұйымынан тұратын аудандық ардагерлер кеңесіне де ұзақ жылдар бойы төрағалық еткен.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат