Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы
Сейсенбі, 02 Желтоқсан 2025 10:01

Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында «Өнері өрге шалқыған орда» кітабының тұсаукесері өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында апталық өтуде. Шара аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын еске алуға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шараға арнайы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және зиялы қауым өкілдері қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі, өнер жолы және ұлттық музыкадағы орны туралы пікір алмасты, құнды естеліктерімен бөлісті. Шараның сәнін кіргізген филармония әншілері композитордың ең үздік әндерін орындады. Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы «Шәмші» деректі фильмінің режиссері Ахмет Мүсілімұлына «Шәмші Қалдаяқов» атындағы мерекелік медальді табыстады.

Іс-шара барысында композитордың шығармашылық мұрасына арналған «Өнері өрге шалқыған орда» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы, музыкалық мұрасы және өнер ордасының қалыптасуына қосқан үлесі кеңінен қамтылған. Тұсаукесерде шығарма мазмұны таныстырылып, оның рухани және мәдени маңызы атап өтілді. Айта кетейік, апталықтың қорытынды Гала-концерті 24 желтоқсан күні сағат 19:00-де «Конгресс холл» кешенінде өтеді.

Алаштың маңдайына бақ болып біткен ұлы композитордың әндерімен бірнеше ұрпақ өсіп жетілді. Шәмші әндерін бүгін де еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткендей. Біртуар азаматтың қоржынында 300-ге тарта ән бар. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан да ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі. Қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 95 жыл толғаны белгілі. Осыған орай туған жері Отырар ауданында ауқымды іс-шаралар өткізілгенін де айта кеткен жөн.

Осы тұста Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолынан деректер келтіре кетуді жөн санап отырмыз. Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Оның әндері Қазақ елінің қай өңірінде де жиі айтылып, әнсүйер қауым арасына барынша кең тараған. Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді.  Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Шәмші Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 161 рет
Super User

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Super User

© 2020, "AQ-QARA.KZ" ақпараттық агенттігі

Директор-бас редактор: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Байланыс телефоны: +77025361474

E-mail: dauren-tm@mail.ru


Пайдаланушылық келісім