Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы
Бейсенбі, 08 Мамыр 2025 15:39

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында Шәуілдірде екі бірдей жаңа кітаптың тұсауы кесілді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында Шәуілдір ауылындағы аудандық мәдениет сарайында отырарлық шығармашыл тұлғалардың көшін жалғап келе жатқан есімі елге танымал суретші, ақын, сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мәлік Әділхан Табылханұлының «Отырар романтизмі» және «Тамшы» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Автордың туындыларын тамашалаудан бастау алған бұл кештің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым құттықтау сөзбен ашып, қос кітаптың тұсауын кесті. Кеш кейіпкері Әділхан Мәлік сахна төріне шығып, көпшілікке сәлем бере келе, өзінің жаңа өлеңін көпшілікке ұсынды..

Рухани кештің қонағы - этно-дизайншы, сазсырнайшы, қобызшы-фарабист, Қазақстан Дизайнерлер және Суретшілер одағының мүшесі, Әділхан ағамыздың ұстазы Кендебай Қарабдалов өзінің ізгі тілегін білдіре келе, Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының арнайы құттықтау хатын тапсырды. Сонымен қатар, өлкетанушы Бекжан Бейсенбай ағамыз бен облыстық "Фараб" ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері Әсел Тұрсынбайқызы авторды жаңа туындыларының жарық көруімен құттықтап, осы кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Кеш барысында автордың әндері орындалып, "Отырар әдебиеті және өнері" бірлестігінің мүшелері, жергілікті ақындар Әділхан ағамыздың өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар көрермендер кеш иесіне тақырып аясында сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Рухани кеш аудан өнерпаздарының орындауында ақын Серік Сейітман мен сазгер Берік Сексенбекұлының «Шәуілдір кеші» әнімен аяқталды.

Автор «Отырар романтизмі» кітабында қазақ тарихына және ұлттық құндылыққа деген құрметі мен сүйіспеншілігін айқын сездірсе, «Тамшы» кітабында туған жер мен мөлдір махаббат, тұщымды тәлім- тәрбие туралы ой толғаған. жаңа кітаптар өз оқырмандарының рухани таным көкжиегін кеңейтуге қызмет ете беретініне сенім білдіреміз.

Ендігі жерде Әділхан Мәлік туралы бірер сөз айта кетсек. Бұл кісі туралы осыдан жеті жыл бұрын марқұм отырарлық журналист Алмас Ақылбек былай деген еді: «Қолына қылқаламын қыса ұстап, жылы жымиып, шаршаған сәтте түйіршікті көк дәріден тастап қойып, қою шайдан бірер ұрттап, жанарын көкжиекке қадаған күйі ұз-а-а-ақ үнсіз ойға шомып отырғаны. Мұндай сәтте суретшінің тынышын бұзбаған абзал. Өйткені, бұл – оның алдындағы аяқталмаған картинаның кілт-шешімін таппай, іздеп отырған сәті. Көк дөненнен де жүйрік көңіл шіркін жарық жылдамдығын да басып озып, көзге көрінбей, қолға ұстатпай тұрған сол кілтті тапқан кезде кеуде дегенің Қалдаяқ ұстаның көрігіндей болып бір көтеріліп, екі басылып тұрар еді. Мұндайда шығармашылықтың тәтті ләззаты бойын кернеген суретші шайды бір шетке жайлап ысырып, орындықтан қауырсындай жеп-жеңіл көтерілген бойы өзіне тән жұмсақ жүріспен картинаның алдында тұрады. Суретшінің сол кездегі көңіл-күйін жылы жымиысы сездіріп, іштегі асып-тасқан қуаныш сезімін айналасына... әйгілегендей. 

Біз мектепке бір жылы барып, бір жылы тәмамдадық. Қатар класта оқып, жүгерінің шабығы мен терімінде, мақта жинау науқанында бірге болғанбыз. Дегенмен, біздің шынайы достығымыз мен әскерден келіп, ол Шымкенттегі әйгілі «Гидротехникумды» бітіріп келген кезде басталды. Оған да биыл 34 жылдан асып барады. Талантты адамдардың кешкен бұлғақ ғұмырын Әдекең де басынан өткізді. Серілік сергелдеңмен жүрген жылдарын жылы жымиыспен еске алатын суретші дос ол күндеріне өкінбейтінін айтады. Қайта досы жауға, дұшпаны досқа айналған кезді көріп, айналасын жете танығанын да қосып кояды. «Ол кезең менің үлкен шығармашылыққа бет бұруым, ізденіс жылдарым еді» деп салалы саусақтарымен ұзын шашын қайырғандай бір қайырып қоятыны тағы бар. Осыдан 31 жыл бұрын ол Құлыншақ ақынның портретін саламын деп, мен ақынның өлеңдерін табамын деп Созаққа сапар шеккеніміз бар. Баласы Исаханның паспорттағы суретін алып, ақынның бұ­рын еш жерде жарияланбаған өлеңдерін тауып, олжалы қайтқанбыз. Ақынның Әділхан салған портреті арада жылдар өте біз құрастырған «Қара дауыл Құлыншақ» атты кітабымыздың мұқабасына басылып, оқырмандардың көзайымына айналған.

Сергелдең серілікпен қоштасқан 20 жылда суретші өнімді еңбек етті. Аса бір ыждаһаттылықпен салынған туған жер тарихын өрнектеген туындылары ерекше. Отырар қаһармандығын бейнелейтін суреттері тұтас бір галерея. Отырар кітапханасы, медресесі, қорғанысы, Әбу Нәсір әл-Фараби, Арыстанбаб, Қайырхан, т.б. тарихи тұлғалар салынған портреттердің шынайылығы сондай, қасына таяп барсаңыз тіл бітіп, сөйлеп кететіндей. Қысқасы, суретшінің шеберлігіне, талантына тәнті боласың... Осының бәрін көзбен көріп, көңіл сүзгісінен өткізген соң түйсінесің, сезінесің.

Енді осының бәрі қайдан келді деген сұрақ туындайтыны белгілі. Білгенімізше таратып көрейік. Біздің пайымымызша тектіліктің тамыры тереңде. Көнекөз қариялардың айтуынша, бабасы Қошқар діндар, ірі молда болған. Шежіреден тарқатып, шариғаттан айтары бар кісі болыпты. Атасы Мәлік он саусағынан өнері тамған ағаш ұстасы. Темірден түйін түйген атақты Қалдаяқ ұстамен бір кеңшарда еңбек еткен. Әкесі Тәбілхан темір мен ағашты ұштастырған ұста екенін көзіміз көрді. Ал, Әділханның ұсталық өнерден құралақан емес екенін жақсы білеміз. Жас кезінде талай үйдің қабырғасын қалап, шатырын жапқан. Осы бағыттан айнымағанда ұста ретінде ата-бабаларының ұсталық абыройына шаң жұқтырмасы анық еді. 

 «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге» демекші, Әділхан мен Рахиманың ұл-қыздары да әртүрлі өнерге бейім. Үлкен ұлы Ердос, кішісі Алмас (осы баласын менің құрметіме атаған) әке сүрлеуімен келе жатыр. Екеуі де үлкен өнерде өз соқпақтарын табатыны сөзсіз. Алмасы былтыр бауырларымен бірлесіп екі қабатты еңселі үй тұрғызды. Өзбекті де, өзгені де жалдаған жоқ. Өзі архитектор, өзі прораб, өзі ұста, өзі... өзі...

...Бір қызығы, темір ұстасы Қалдаяқтың ұлы Шәмші күллі қазаққа ән салдырған аса көрнекті композитор болса, ағаш ұстасы Мәліктің немересі Әділхан белгілі суретшіге айналды. «Алма – алма ағашынан алыс түспейді» дегендейін, екеуі де құнарлы топырақтан нәр алып, өнердегі орнын тапқан тұлғалар.

Мәртебелі оқырман, енді шағын мақаламыздың тақырыбына көшсек. Гольфстрим мен суретшінің арасында қандай байланыс бар деуіңіз әбден мүмкін. Дұрыс ойлайсыз, ешқандай да жақындық жоқ. Ал, суретші емес, адам Әділханмен... қатысын анықтау үшін Голекеңнің сипаттамасымен танысып алайық.

Гольфстрим – Атлант мұхитының солтүстік бөлігімен ені 70-90 шақырым болатын, сағатына 6 шақырым жылдамдықпен ағатын жып-жылы ағыс. Буыр­қанып, бұрқанған, таудай толқындары көбігін шаша жартасқа ұрған, долы да көкбет Атлант мұхитында бәріне жайлы Гольфстрим атты жып-жылы ағыс бар.

Білсем, үйренсем деген шәкірттеріне жылы жымиып қойып, жалықпай өнер үйретіп жатқан суретші Әділханды көрсем; «ата, анау не, мынау не?» деп жан-жағынан қаумалаған немерелеріне мейірлене қарап, ерінбей жауап беретін ата Әділханды көрсем; қолына қылқаламын қыса ұстап, айналасына жылы шуақ шашып тұрған суретші құрдасымды көрсем ойыма еріксіз алып мұхиттағы Гольфстрим оралады»

Айта кетсек, осыдан екі жыл бұрын өнер мен руханияттың ордасы саналатын киелі Отырар ауданында ақын, сазгер әрі суретші Әділхан Мәліктің 60 жасқа толуына орай «Өнерім – өмірім, поэзия – пірім» атты әдеби-сазды рухани өнер кеші өткізілген болатын. Ол шараға сол кездегі аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, мерейтой иесіне құрмет көрсеткен. 

Тағы бір айта кетерлігі, биыл Отырар ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Отырар ауданында бұл мерейлі дата кең көлемде атап өтілмекші. Оған тиісті дайындық шаралары да қызу жүріп жатыр. Осы тұста Отырар ауданының құрылу тарихын оқырмандардың назарына ұсына кетсек.

Қазақ жері кең байтақ, ұлан ғайыр. Оның бір ғажайып мекені – Отырар өңірі. Тарихи ғылыми деректерге көз жүгіртсек, Отырар жері бақ қонып, Қызыр дарыған киелі жер.Қойны қазынаға  толған бұл қасиетті өңір елім деп еңіреген талай батырлар, сөзден түйін түйген небір шешендер, дүлділ ақындар, әсем әуенді әншілер мен күйшілер, сан түрлі өнер иелері мен қоғам қайраткерлерімен әйгілі.

Отырар – әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақ­танышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалым­дарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы.

Ауданның жаңа дәуірдегі құрылу тарихына көз салсақ, КСРО заманында 1934 жылы 27 желтоқсан күні № 106 бюро қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданып, Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің 1935 жылы 16 ақпандағы бюро қаулысында Түркістан және Шәуілдір аудандарының шекаралары белгіленді. Крупская атындағы, "Интернационал", Құлымбетов атындағы, "Ақтөбе", "Беларық", "Сталинабад", "Кеңес", "Отырар", "Қызыл Түркістан", "Талапты", "Ынталы", "Қоғам", "Байылдыр", "Қарғалы", "Ногин" (казіргі Д.Алтынбеков), "КСРО-ның 60 жылдығы" кеңшарлары кұрылды. Жер серіктестіктері, ұжымдық шаруашылыктар: Маякум, Құмқөл, Шеңгелді, Ақкөл, Балтакөл, Жаңашару, Aқынтоға, "Овцевод", "Ызакөл", "Сарыкөл", т.б. елді мекендер жаңа аудан құрамына енді. Алғашқы жылдары 5 ауылдық кеңес, 33 ұжымшар, жер серіктестіктері (барлығы 3710 үй) болды.

Аудан орталығы ретінде жаңадан ұйымдастырылған ұжымшарлардың ортасындағы Қаракөншек төбесі таңдап алынды. Шәуілдір ауданы партия комитетінің 1-ұйымдық мәжілісі 1935 жылы 12 ақпанында өтті. Бүл мәжіліске Н.Жөлелов, Д.Алтынбеков, Ұсабаев, Емельянов, Бұхаров, Антоненко, т.б. катысты. Аудандық партбюро құрылып, оның кұрамына аудандық партия комитеті хатшысы Н.Жәлелов, аудандық атқару комитеті төрағасы Д.Алтынбеков, Машина-трактор станциясы директоры Гайнуллин енгізілді. Осы қаулымен кеңестердің ұйымдастыру бюросы құрылып, оның төрағасы болып Д.Алтынбеков сайланды.

1962 жылы өлкелік әкімшілік-аумақтық бөліну кезінде Оңтүстік Қазақстан — Шымкент облысы болып өзгерді. Ӏрілендірілген өнеркәсіптік басқармалар ұйымдастырылып, Шәуілдір ауданы Арыс ауданының құрамына өтті. 1963 жылы бұрынғы Шәуілдір ауданы негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудан құрамына Ақынтоғай, Жаңашардара, Задарил, Қызылқұм, Маяқұм, Отырар, Такыркөл, Темір, Шардара, Шеңгелді, Шымқорған, Шәуілдір, Сырдария, Ақтөбе ауылдық кеңестері енді. Сол жылы Шымқорған, Қызылқұм ауылдық кеңестері Өзбек КСР-нің Сырдария облысына, 1964 жылы Зардария ауылдық кеңесі Бөген ауданына, Шеңгелді ауылдық кеңестері Шардара ауданына берілді. 1967 жылы құрылған Қандөз ауылды кеңесі 1970 жылы Қызылорда облысының құрамына енді.

1964 жылы Қожатоғай, 1965 жылы Балтакөл,Талапты, 1971 жылы Шілік ауылдық кеңестері кұрылды. 1986 жылы ауданда 11-ауылдық кеңес болған. Қазақстан Республикасы 1993 жылы 9 желтоқсандағы "Жергілікті кеңестердің өкілеттігін шұғыл тоқтату туралы" Заңына сәйкес, ауданның ауылдық кеңестері кызметін тоқтатып, 1995 жылы 5 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен, өзіне бірнеше елді мекендерді қамтитын ауылдық кеңестер шекараларында ауылдық округтер құрылды.

Көне Отырар туралы да сыр шерте кетсек деп отырмыз. Ежелгі Отырар қаласының дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі, ондағы алар орны бүкіл әлемге аян.  Қазақтың біртуар перзенттерінің археологиялық қазба нәтижелері мен деректерді топтастыра отырып келшекке қалдырған жауһар мұралары тарихи жинақтама арқылы Отырар өлкесіне ғана емес, барша түркі жұртына тарала бастады.

Ғалымдардың айтуы бойынша жазба дерек, дерегі ең аз елміз, бірақ ескерткіштерге ең бай елміз. Біз жазба дерегіміз жиырма пайыз десек, 80 пайыз тарихымыз ескерткіштерде тұр. Еліміздің қайсы бір төбесі мен жәдігерлерінің сырына үңілсеңіз тұнып тұрған тарихы бар. Ал  Отырар жайлы аз айтылып, жазылып жатқан  жоқ. Бірақ, сол деректердің бәрінің басын қосып,  келер ұрпақтың еншісіне қалдыру жұмысы да істеліп жатыр. Мәселен, Отырар ауданының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың бастамасымен бірнеше жылдар бұрын осындай шаруа жүзеге асып, «Отырар жәдігерлері» шағын кітап ретінде жарық көрді. Сәл кейінірек деректер мен тарихи құндылықтар жайлы ақпараттар толықтырылып, үлкен энциклопедия түрінде жарыққа шықты. Қуаныш Айтаханұлы Отырар ауданын басқарған жылдары осы ұсынысын жеткізген болатын. Отырардың тарихи құндылықтарымен қатар, осы өлкеден шыққан ақын-жазушылар да енгізілді. Мемлекет басшысының Отырарға сапарлары жайлы да толық баяндалады.Бұл кітапта 40 жылдық еңбек бар. Қуаныш Айтаханұлы бір жыл көлемінде жазып шықты»,-дейді «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің негізін қалаушы, әдебиет зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашев.

Отырарды ұлылардың Отаны деп босқа айтпайды. Ұлылардың басында Әбу Насыр әл-Фараби тұрғаны белгілі. Әл Фарабидің қасында тағы да отыз әл Фараби болған дейді. Оның бәрі тегін емес. Ал олардың сарқыты — кешегі Өзбекәлі, Шәмшілер. Күні бүгін күллі түркі жұрты бас сұғып, жәдігерін тамашалап жүрген «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаған Асантай Әлімов атты музей жанашыры болатын. Ол кісіні жұрт «Музей адам» деп атайтын. Музейдегі жәдігерлерді аянбай жинақтап, келер ұрпаққа табыстады. Музей үшін нағыз берілген жан еді. Сол Асантай Әлімовтің тәлімін алған бірден-бір шәкірті — Абдулла Жұмашев. Бар ғұмырын іздеу, еңбектену, жинақтауға арнап келеді. Қуаныш Айтаханов екеуі Отырардан шыққан барлық ақын-жазушыларды түгендеп, кітапқа енгізген.

Бүгінгі асыл дүниені келешек ұрпақ оқиды. Қасиетті жерде туған  шешен сөз зергерлерін де тарих бетінен танитын болады. Елі үшін аянбай, бар жан-тәнін салатын Қуаныштай, Абдулладай жанашыр ағалары бар ел бақытты. Кітапта бүгінгі қос тұлғаның қолтаңбалары ерекше сайрап тұр. «Отырар жәдігерлері» кітап-альбомына от ауыз,  орақ тілді қазақтың арқалы айтыскер ақын қызы Әселхан Әлішеріқызының «Жәдігерлерім» өлеңі енген.
1000 дана таралыммен жарық көрген

Отырықшы мәдениеттің ошағы, әлемдік мәдениеттердің іргелі орталығы, дүниеде теңдесі жоқ ұлы ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері, Қожа Ахмет Ясауидің ұлы ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбабтың, Орта Азияны билеген атақты әмірші Әмір Темірдің ақырғы демін алып, Алла аманатын тапсырған мекені, ұлт мұрасы жайын ойлаған Өзбекәлі Жәнібековтей қоғам қайраткері,  әнімен қазақтың ұлттық болмысын айқындап, әнұранын тудырған Шәмші Қалдаяқовтай, өткір ой мен орамды сөзден өлең өріп, тұлғасы шыншылдық биігінде ерек Мұхтар Шахановтай ұлы ұрпағы бар Отырар даласының дархан тарихы ел келешегінің рухани байлығын көксеген,  халық сүйіспеншілігіне бөленген қос тұлға-Оңтүстіктің Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері  Қуаныш Айтаханов пен әдебиет зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашевтардың еңбегімен жалғасын тауып жатыр. Одан кейін де талай еңбектер жарыққа шықты. Ұлы өлкенің мәртебесі асқақтай берсін дейміз!

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет
Super User

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Super User

© 2020, "AQ-QARA.KZ" ақпараттық агенттігі

Директор-бас редактор: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Байланыс телефоны: +77025361474

E-mail: dauren-tm@mail.ru


Пайдаланушылық келісім