Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы
Сенбі, 25 Сәуір 2026 10:59

Түркістан: республикалық «Ясауитану – 2026» байқауы өз мәресіне жетті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқау аясында оның тарихына арналған фотокөрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеп, кеңінен дәріптеудің маңызын атап өткен болатын. Сонымен қатар жуырда Қожа Ахмет Ясауи орденін Қазақстанның мемлекеттік марапаттар тізіміне қосу туралы жарлыққа қол қоятынын айтты. Ол сондай-ақ: «Қожа Ахмет Ясауиге жоғары сапалы кітаптар мен фильмдер арналуы керек және оның бірегей интеллектуалдық мұрасына арналған оқулар барлық аймақтарда ұйымдастырылуы керек», - деп мәлімдеді. Президент тапсырмасы – бүгінгі рухани бастамалардың өзегіне айналып отыр.

Байқаудың салтанатты ашылуында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараның басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты ұлы баба мұрасын терең тануға және ғылыми тұрғыда зерделеуге баулу. Сонымен қатар қатысушылардың тарихи танымын кеңейтіп, Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалардың тағылымды өмірін дәріптеу көзделді. «Әулиелердің сұлтаны» атанған Ясауи мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін де руханияттың темірқазығы.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Ясауи мұрасы – балаға аманат» кезеңінде қатысушылар хикметтерді жатқа айтты. Екінші «Білімді мыңды жығар алысқанда» кезеңінде Ясауи өмірі, хикметтердің мазмұны, кесене тарихы мен Әмір Темір сыйға тартқан жәдігерлерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Тірек сөздер» кезеңінде үздіктер өзара бақ сынасып, мықтылар анықталды. Әділқазылар алқасының құрамында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, музей-қорық жанындағы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкері Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Төлеген қатысушылардың әділ бағасын берді. Іс-шараның марапаттау кезеңінде алдымен байқауға шәкірт дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды. Бұдан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Бас жүлдені Алматы қаласынан келген Асан Аида иеленді. I орын Мұратова Айдана (Алматы қаласы) мен Мамедова Аминаға (Түркістан облысы) бұйырды. II орын жүлдесі Тұрсынбай Динара (Алматы қаласы), Сейсен Фатима (Жетісу облысы), Нұрлыбай Аружан (Түркістан облысы), Сайлаубай Санжар (Қызылорда облысы), Пулатов Мирзиед (Түркістан облысы) және Аязбай Айзере (Алматы облысы) арасында үлестірілді. III орынға Боранбек Батырхан, Рахымбай Алуа, Абай Аружан (Жамбыл облысы), Мәлікқызы Мадина (Алматы қаласы), Нұрділла Шұғыла, Тәукебай Жұлдыз (Түркістан облысы), Амантай Бақдәулет, Бақсейіл Абылай (Түркістан қаласы), Әбубәкір Арай, Дәулет Нұрали (Ақтөбе облысы), Қанатбек Нұрсұлтан, Қалық Ақайша, Асылханова Жанайым (Жетісу облысы), Сайлаубай Асылжан, Нұрыбекұлы Ахмет, Амандыққызы Аружан (Ақмола облысы), Серік Нұрдана (Алматы облысы), Әуелбек Ерасыл (Шымкент қаласы), Толыбаева Динара, Ибрагимова Айша (Қызылорда облысы) лайық деп танылды.

«Көрермен көзайымы» номинациясымен Құдайбергенұлы Ерасыл (Қызылорда облысы), Айтбай Айзат (Жетісу облысы) және Таңатар Медина (Қарағанды қаласы) марапатталды. Айта кетейік, биыл 28-рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқауға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан 70-ке жуық оқушы қатысты. Байқау қорытындысы қатысушыларға зор әсер сыйлап, рухани серпін берген мазмұнды шара ретінде жоғары бағаланды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет
Super User

Келесі автордың соңғы жариялағандары: Super User

© 2020, "AQ-QARA.KZ" ақпараттық агенттігі

Директор-бас редактор: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Байланыс телефоны: +77025361474

E-mail: dauren-tm@mail.ru


Пайдаланушылық келісім