Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуді көздейтін жоба Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Елдің әр өңірінен жиналған 100-ге жуық жас жобаның алғашқы күнінен бастап белсенділік танытты. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысушыларға ізгі тілегін арнап, жобаның идеясын жоғары бағалады.
– Бұл бастама – халқымыздың бай мәдени мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің бірегей жолы. Мұндай жобалар арқылы елдік сана мен рухани сабақтастықты нығайтамыз. Ұрпақ тәрбиесінде мұның маңызы зор, – деді аудан басшысы.Сондай-ақ, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Нұралы да құттықтау сөз сөйлеп, жоба аясында жастардың білімі мен білігі сыналатынын жеткізді.
Салтанатты бөлімнен соң ұйымдастырушылар қатысушылар үшін танымдық-мәдени бағдарлама әзірледі. Демалыс кешінде жастар бір-бірімен етене танысып, өз өнерлерін ортаға салды. Кешкі концерттік бағдарламаның шырайы ашылып, ән мен күйге, би мен қуанышқа толы сәттерге ұласты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар ұлттық дәстүр мен салт-сананы бойларына сіңіре отырып, достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», деген ой тастаған еді.
Бүгінде ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі қалай ұштасып жатыр деген сұрақ жиі мазалайды. Қазіргі кезеңде мектеп пен жоғары оқу орындары ұлттық құндылықтарды насихаттайтын негізгі аудитория болмақ. Оқу орындарында қазақ әдебиеті, тарихы пәндері арқылы ұлттық құндылықтарды меңгеруге мүмкіндік беріледі. Ұлттық мерекелер, дәстүрлерді таныстыру, фольклорлық шаралар өткізу – тәрбиенің маңызды аспектілері. Білім ошақтарында домбыраның үні, қобыздың қоңыр сазы, ақындардың айтысы арқылы біз өз тарихымыз бен мәдениетімізді ұрпаққа жеткізсек, бұл ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың бойына мәдениет және өнер арқылы сіңіруге мүмкіндік берер еді.
Ұлттық құндылықтар мен тәрбие – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бір елдің болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Ал тәрбие ұлттық құндылықтарға сүйенгенде ғана жемісті болмақ. Сондықтан қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды жас ұрпаққа жеткізу маңдайалды міндеттің бірі екенін түсінетін сәт туды. Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, нағыз ұлтын сүйер ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет-өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген,ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс екені сөзсіз. Халық даналығында: «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар апат болады» деген сөз бар. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі Адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін еңбекті қажет ететін аумағы кең ,жауапкершілігі мол күрделі іс екенін ұқтырса керек. «Ту жанында қисық ағаш жатпайды» дегендей, сом тараулы тәрбие жолының тоғысар тұсы халықтың өзінде ,ата –баба салт санасында, дәстүрінде. Жас ұрпақты ұлттық мақтаныш пен ұлттық патриотизм рухына қалай тәрбиелесек,еліміздің халқымыздың болашағы, даналығы да солай айқын көрінеді
Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту - өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістітерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Тәрбиенің негізі болып саналатын адамзаттық құндылықтардың бірі тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамдарды сүйе білу қажетілі болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат